«Ешқашан соғыс болмасын». Қазақ ақсақалы жер-жаһанды жаяу аралап шықпақ

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Сәрсенбай Қотырашов дүниежүзін 12 айда жүріп өтетінін айтады

Фото: Әсет Құндақбаев

Саяхатшы, шебер-реставратор Сәрсенбай Қотырашов дүниежүзін жаяу аралап шықпақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

72 жастағы ақсақал сапар барысында Грузия, Әзербайжан, Түркия, Болгария елдерін аралайды. Одан ары Батыс Еуропа елдерін қыс түскенше жүріп өтуді жоспарласа, көктемге дейін Америка құрлығын араламақ. Жазға салым Тынық мұхиты арқылы Шығыс Қытайдың жерлерін жаяу шарлайды. Кейін Моңғолияның батыс өлкесі арқылы Өскеменге келмек. 

Сәрсенбай Оспанұлы бұған дейін Қазақстанның барлық облыстарын жаяу аралап шыққан. Жаңаарқаның тумасы Ұлытау қорық мұражайында ұзақ жыл жұмыс істеп, археологиялық қазба жұмыстарына белсене араласты. Қарт саяхатшы елдегі 17 қаланы басып өту үшін 8 мың шақырым жол жүрген.

«Менің жүріп өтетін жолым Жер шарын тұйықтап шығады. Бұл жолдардың бәрін 12 айдан аса уақытта жүріп өтемін деп отырмын. Сапарға жалғыз шықпаймын. Қасымда бір фотограф-оператор және аудармашы болады. Олар кезектесіп көлікпен жүреді. Мен үнемі жаяу жүріп отырамын. Тек мұхит асқанда ғана ұшаққа отырамыз. Ондағы мақсатымыз – дүниежүзіндегі халықты достыққа бейбітшілікке шақыру. Біз нәсілге, ұлтқа бөлінбей, бейбітшілікте татулықпен, сыйластықпен өмір сүруіміз керек. Бізге соғыс керек емес. Біздің тарихымыздың тереңде екенін, Қазақстан деген елдің қолөнері қандай екенін де үнемі наисхаттап, көрсетеміз. Себебі, біздің мәдениетіміз қола дәуірінен бастап дамыған», - дейді Сәрсенбай Қотырашов. 

Ол өзінің қауіпке толы сапарға шығатынын бүгін қолөнершілердің форумында мәлімдеді. Алматыдағы мемлекеттік орталық музейінде Еуропадан, Орталық Азия елдерінен және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам қолөнер шеберінің форумы өтіп жатыр. Форумға мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Туристік сала комитетінің төрағасы Юлия Якупбаева, Қазақстанның Алматыдағы АҚШ бас консулы Кэролайн Сэвидж бастаған көптеген лауазымды тұлға қатысып жатыр. Үш күнге жалғасатын шараның мақсаты – елдегі қолөнер бизнесін дамыту, оның халықаралық дәрежеде насихаттаудың, дамытудың мүмкіндіктерін қарастыру.

«Форумның басты мақсаты – қолөнер саласындағы түрлі ұйымның басын қосу, бір-бірімен таныстыру. Шеберлердің рөлін айқындап, мемлекет тарапынан көмек жасауды қарастыру. Форумға алыс шетелдерден де қонақтар арнайы шақырылған. Олардан қолөнер туындысын әлемге насихаттаудың, дамытудың жолдарын үйренуіміз керек.

Сонымен қатар алдағы екі күнде Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде және Visit Almaty туристік хабында халықаралық қолөнершілер форумы аясында отандық қолөнершілердің жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде керамика, киіз, тоқыма, зергерлік өнер, жібек шаруашылығы және басқа да қолөнер түрлерінен қазақстандық 150-ден астам қолөнершінің бұйымдары ұсынылады. Шеберлік сағаттары, семинарлар, Korpe Fest өтеді. Себебі, қолөнер – ұлттық мәдени ерекшелігіміздің ажырамас бөлігі және туризм индустриясының өзегі. Өйткені, елге келетін туристердің табиғаттан ләззат алып, көрікті жерлерді, ғимараттар мен монументтерді тамашалап қана қоймай, материалдық-мәдени мұрамен, дәстүрлермен танысатыны сөзсіз», - деді шараны ұйымдастырушылардың бірі Даниел Сержанұлы.