Жаңа желі Төле би көшесінің бойымен жүргізіледі
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде қалада LRT желісінің салынатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Алматыда LRT желілерін салу мәселесі көптен бері талқыланып келеді. 2010 жылдан бастап бұл мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр. Бұл мәселе әлі де өзекті ме? Төле би көшесінде трамвай рельстері әлі толық алынбаған», - деп сұрады әкімнен қала тұрғындарының бірі.
Ерболат Досаев болса заман талабына сай жаңа қоғамдық көліктің Саяхат вокзалынан Ақсайға дейін созылуы мүмкін екенін айтты.
«Біз қаланың даму жоспарына енгізген жаңа жоба – бұл трамвай түріндегі төмен қабатты LRT. Келесі жылдың көктемінде біз жобаның құнын түпкілікті шешеміз. Төле би көшесінде LRT болады. Қала үшін «Саяхат» автовокзалынан желілерді жалғап, Ақсайға дейін созу өте маңызды. Қазір жұмыс жалғасуда, жер учаскелерін сатып алу жүріп жатыр», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.