Статист-дәрігердің қатесінен соң зейнеткердің барлық құжаты заңдық күшін жойған
Ақтөбелік қария өзінің қайтыс болғанын дәрігерлерден естіген. Емхана қызметкері жіберген қатеден кейін Ромахан Кенжебаевтың барлық құжаты жарамсыз болып қалған. Енді ол жалақысын ала алмай жүр. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбеде қария емханаға барса, өзінің бір күн бұрын қайтыс болып кеткенін білген. 68 жастағы Ромахан Кенжебаевқа мұны дәрігерлер естіртіпті. Жалақысын алу үшін енді ол өзінің тірі адам екенін дәлелдеуі керек.
68 жастағы Ромахан Кенжебаев емханадан ауырып қалғанын растайтын анықтама алмақ болған. Бірақ бұл әрекетінің соңы төбесінен жай түскендей әсер еткен. Сөйтсе ол құжат жүзінде бір күн бұрын қаза тапқан.
«Алтысы жұмысқа шығуым керек еді, бесі күні маған емханадан звондап тұр. «Дядя Рома, сіз қайдасыз?» дейді. Қайда болайын, үйдемін деймін. Тезірек келіңіз дейді. Барсам компьютерде мен 2022 жылдың 5 қазан күні сағат 12 қайтыс болған деп жазылып тұр», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ромахан Кенжебаев.
Зейнеткердің қолындағы құжаттары заңдық күшін жойған. Тіпті банк картасының өзі бұғатталған. Оны ретке келтіру үшін ол алдымен құзырлы орындарға өзінің тірі екенін дәлелдеуі қажет.
«ЦОН-ға барсам маған «Сіз өлген адамсыз!, қалай келіп тұрсыз?!» дейді. Жеке құжатымды көрсетсем, ешкім сенбейді. Менде енді не құжат жоқ не банк картам да бұғатталған. Тіпті жалақы ала алмай отырмын», - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ромахан Кенжебаев.
Сөйтсе, бұл өзге емханадан кеткен қателік екен. Статист-дәрігер жеке сәйкестендіру нөмірінің соңғы санынан жаңылысқан. Олқылық жіберген ақ халаттылар кешірім сұрап құтылды. Олар қатені жөндеп, зейнеткердің құжаттарын қалпына келтіріп беруге уәде етті.
«Ол кісінің алдыңда біз өзіміздің атымыздан, емхананың атынан, дәрігердің атынан кешірім сұрадық. Жеке куәлігі, басқа документтерін өтеп береміз», - дейді Ақтөбе қалалық №4 емханасының бас дәрігері Мереке Нұртазин.
Қателік жіберген статист-дәрігерге тәртіптік жаза қолданылып, сөгіс жарияланған. Абдырап қалған зейнеткердің көңілі орнына түсті. Енді ол туған күнімді екі рет тойлайтын болдым дейді.