Жамбыл облысында жаңадан салынған су тарату станциясы жарамсыз болып қалды
Енді ауыл тұрғындары тіршілік нәрін ескі құдықтан тасып ішіп отыр
Жамбыл облысында жарты миллиард теңгеге салынған су тарату станциясы жарамсыз болып қалды. Нысан 2 жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылында пайдалануға берілген еді. Бірақ тұрғындар игілігін көріп үлгірмепті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Басында тәп-тәуір жұмыс істеп тұрған станцияның құрылғылары біраздан соң істен шыққан. Кейін жауаптылар, су қоры да таусылды, деп нысанды жауып тастайды. Кейін анықталғаны, мердігер компания құбырды 200 метр тереңдегі су қорына жеткізе алмаған. Енді ауыл тұрғындары тіршілік нәрін ескі құдықтан тасып ішіп отыр.
«Мемлекеттік аудит бар. Жаңағы зерттеу институты бар. Біздің облыстық сәулет құрылыс басқармасы бар. Барлығы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер де жобаға сәйкес еместігі талапқа сәйкес еместігі анықталған жағдайда тиісті мердігер сол Жігер 2004 мекемесі, сол мекеме өзінің қаражаты есебінен қалпына келтіреді. Келісімшартқа сәйкес 5 жыл мерзімеге дейін кепілдік мерзімі бар», - деді Т.Рысқұлов аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Өмірқұлов.