Қазақстанда ауасы ең лас қалалар тізімі жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

27 қыркүйек пен 3 қазан аралығында елорданың ауасы айрықша ластанған

Фото: «Astana Innovations» АҚ

«Қазгидромет» РМК атмосфералық ауаның сапасы туралы апталық ақпараттық анықтамасын жариялады. Тізімге сәйкес, Қазақстандағы ауасы ең лас қалалардың басында Астана тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

27 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Астанада ауа ластануының шекті нормаларынан асып кеткен 1318 жағдайы тіркелген. Қала ауасы әсіресе, Бабатайұлы көшесінде айрықша ластанған.

Ауа ластануы бойынша екінші орында Қарағанды қаласы тұр. Мұнда атмосфераның рұқсат етілген шекті нормадан асып ластанудың 521 жағдайы тіркелді. Қаланың ауасы ең ластанған жер – №8 ЛБП ауданы (Пришахтинск шағын ауданы, 3-ші Кочегарка көшесі, 28).

Сондай-ақ Алматы қаласы да ауа ластануы бойынша алдыңғы үштікке еніп отыр. Мегаполисте ауа ластануының шекті мөлшерінен асып кеткен 123 жағдай тіркелген. Қала ауасы Түрксіб ауданы бойынша айрықша ластанған.

Елімізде ауасы ең таза өңірлер Ақтөбе мен Шымкент қалалары болып отыр. Бұл қалаларда атмосфера ластануының шекті мөлшерінен асып кеткен бірде-бір жағдай тіркелмеген. 

Айта кетерлігі, кестеде қалалар бойынша ластаушы заттардың орташа тәуліктік шоғырлануы туралы ақпарат берілген.