Түркістан облысында бір күнде заңсыз ойын бизнесінің екі дерегі анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында бір күнде заңсыз ойын бизнесінің екі дерегі анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Заңсыз ойын бизнесін кәсіп еткендерді анықтап, құмар ойынға салынғандардың жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері бірқатар жұмыстарды атқаруда. Алайда бұл бизнес түрі тоқтар емес. Осы ретте Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік-профилактикалық іс-шаралардың барысында екі ойынхананы анықтап, қылмыстық іс қозғады.

Нақтырақ айтсақ, полицияға жергілікті тұрғын арызданды. Онда ауылдардың бірінде заңсыз ойынхана жұмыс жасап жатқанын көрсетті. Хабар келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайға тез арада келді. Олар оқиға орнын қарап, тексеру барысында сегіз монитор процессор, бір сканерімен бірге кассалық аппарат, бір ойын ойнауға арналған үлкен ойын аппарат-терминалы тәркілеп алды. Ойын залының әкімшілік қызметкерінен 100 мың теңгеге жуық ақша табылды. Полицейлер дәл осындай заңсыз ойын бизнесі ұйымдастырылған тағы да бір орынды анықтады. Мекенжайды тексеру кезінде айғақты зат ретінде жеті процессор, жеті экран, үш теледидар, бір кассалық аппарат пен 9 мың теңге ақшаны тәркілеп алды. Алынған техникаларға сараптама тағайындалды.

Аталған екі жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 307-бабы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша тіркеді. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.