Қостанайдағы облыстық балалар ауруханасына қатысты сот шешімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Сот шешімі бойынша, жөндеудің ұзаққа созылуына медициналық мекеменің әкімшілігі кінәлі

Фото ашық дереккөзден

Экономикалық сот Қостанайдағы облыстық балалар ауруханасына қатысты шешім шығарды. Сот ұйғарымы бойынша тапсырыс беруші мердігермен келісімшартты заңсыз бұзған. Яғни жөндеудің ұзаққа  созылуына медициналық мекеменің әкімшілігі кінәлі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Естеріңізге салайық, балалар ауруханасын жөндеу жұмыстары пандемия  кезінде, яғни 2020 жылдың шілде айында басталған. Содан бері сырқат балалар әр жерде, басқа бөлімдерде ем қабылдап жүр. Күрделі жөндеудің сметалық құны 1 миллиард  200 миллион тенге. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінген. Ал жөндеу жұмыстарының тоқтап тұрғанына бір жыл болды. Себебі мердігер қарағандылық фирма мен тапсырыс беруші медициналық мекеме арасындағы  сот тартысы содан бері жалғасып келеді. Енді тапсырыс беруші мердігерді мемлекеттік сатып алуға  жауапсыз қатысушы  деп танығанын қалайды.

«Вершина» жауапкершілігі серіктестігін жауапсыз деп тану туралы қарсы тараптың шағымы қанағаттандырылған жоқ.  Сот мердігердің келтірген дәләл-дәйектерін орынды деп тапты. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. Қос тараптың да аппеляциялық шағым беруіне бір ай уақыты бар. Бұл мүмкіндікті олар пайдалана ма, жоқ па әзірге белгісіз. Сондықтан жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатындығы да беймәлім», - деді облыстық соттың баспасөз қызметінің басшысы Зәуре Едікова.