Ақтөбеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды

Фото ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері алаяқтық үшін сотталды. Үшеуі де түрмеге қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Диапазон басылымына сілтеме жасап.

Тергеу материалдарына сәйкес, жемқорлықпен күресіп жүрген қызметкерлерді Қарағанды мен Қызылорда облыстарынан Ақтөбе қаласына іссапармен жіберген. Олар сол жерде заңсыз табыс тауып қайтуды ойлаған. Алдымен куәгерлерді қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқан. Одан кейін ақша талап еткен. Осылайша, 9 адамнан ақша алып жүрген. Ал алаяқтық фактісі анықталғаннан кейін өздері сот алдында жауап берді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің үш қызметкері өз кінәсін толығымен мойындады. Сосын соттан түрмеге отырғызбауды сұрады. Алайда судья ондай қылмыскерлерді тек қоғамнан оқшаулау арқылы ғана тәртіпке салуға болады деген шешімге келді.

Ақтөбе қаласының соты үшеуін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ, оларға өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.