72 жастағы Сәрсенбай Қотырашев Гинестің рекордтар кітабына енуі мүмкін
72 жастағы Сәрсенбай Қотырашев еліміздің 20-дан астам қаласын жаяу қол арбасымен аралап, бүгін Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласына жетті, - деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
«Ұлытауға бардың ба» деп ұрандатқан қария Қоғамдық коммуникация орталығы ұйымдастырған баспасөз конференциясына қатысып, сапары туралы айтып берді.
Оның айтуынша, саяхатқа шығуды 6 жыл бойы армандаған екен. Бірақ, тек осы жылдың наурызында ғана жүзеге асыруға мүмкіндік болған. Қария осы сапары арқылы бірнеше мақсатқа қол жеткізуді жоспарлаған.
«Бірінші мақсатым - Ұлытау өңірінің қазақ тарихында алатын орнын елге насихаттау. Екінші мақсатым - қазақтың ұлттық қолөнер шеберлерін түгендеп ЮНЕСКО-ға түсіру. Үшінші, ұмытылып кеткен қазақтың ұлттық мейрамы- қымыз мейрамын елге насихаттап түсіндіру», - деді Сәрсенбай Қотырашев.
Сондай-ақ, қария сапары барысында тұрғындардан көмек болғанын атап өтті. Әсіресе, азық-түлік пен сусын әкелетіндер көбейген. Сонымен қатар, суретке түсуге құмар балалар саны артқанын жеткізді.
Айта кетейік, 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашев Гинестің рекордтар кітабына енуі мүмкін. Өйткені, мұндай егде жаста 8 мың шақырым жүріп өткен адам осы уақытқа дейін тіркелмепті. Жиһанкездің ендігі арманы әлемді шарлап, Қазақстанды таныту.