Күдіктілер қатарында төрт лауазымды тұлға мен қатардағы екі жауынгер бар
Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеді. Күдіктілер қатарында төрт лауазымды тұлға мен қатардағы екі жауынгер бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
2021 жылдың 26 тамызында Қорғаныс министрлігіне қарасты 28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында жойқын жарылыс болып, әскери инфрақұрылым мен азаматтық нысандарға айтарлықтай шығын келген болатын. Техногендік апат салдарынан 17 адам қаза тапты. Жарылыс кезінде жоғалып кеткен сарбаз Бауыржан Дәуітбаев әлі табылған жоқ.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің Экспресс К порталы жолдаған ресми хатқа жауап жолдады. Онда жарылысқа қатысты 28349 әскери бөлімнің қазіргі және бұрынғы командирлері, "Жамбыл аудандық пайдалану бөлімі" РММ басшысы және Қорғаныс министрлігінің "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты өртке қарсы қорғаныс бөлімі жетекшісінің қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны айтылған.
"Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын аяқтады. Тексеріс қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаларға өз міндеттеріне немқұрайлы қарау және оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сақтау талабын өрескел бұзу айыбы тағылды", — делінген министрліктің баспасөз қызметіндегілер жолдаған хатта.
Сонымен қатар күдіктілер қатарында әскери бөлімде қызмет атқарған қатардағы екі жауынгер бар. Сарбаздарға оқ-дәрі қоймасын қасақана өртеді деген айып тағылған.
Қазір қылмыстық іс материалдармен танысу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Содан кейін іс сотқа жолданады.