Жалған дипломмен мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналаспақ болған павлодарлық қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Құжаттарды қолдан жасағаны үшін ол екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

фото: Kyzylorda-news.kz.

Павлодарлық азамат жалған дипломмен мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналаспақ болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғыны мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналасу үшін құжаттарын тапсыра отырып, астаналық жоғары оқу орындарының бірін бітіргені туралы дипломын ұсынған. Ол құжаттардың шынайылығы тексерілетінін білмеген.  

Университетте жұмыс берушіге үміткердің оқу орнын бітірушілер тізімінде жоқ екенін айтып, оған диплом бермеген.

«Тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының үшінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сондай-ақ, жалған құжат жасау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының бірінші бөлігі бойынша тексеру жүргізілуде», - деді баспасөз қызметі.