Қазақстанда TikTok-тың өкілдігі ашылады

Автор: Azattyq Rýhy

Дархан Қыдырәлі TikTok  компаниясының вице-президенті Тео Бэртраммен кездесті

Қазақстанда TikTok-тың өкілдігі ашылады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

TikTok Қазақстанда туризм бойынша біріккен жобаларды бастаған. Кездесуде баспасөз хатшыларын оқыту, цифрлық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік желіні тиімді қолдану жағынан ортақ тренингтер ұйымдастыру туралы айтылды.

«Кездесуде TikTok интерфейсіне қазақ тілін енгізу және қазақша контентті бірлесе дамытуды ұсындым. Компания өкілі желіге қазақ тілін орнату жайы қарастырылып жатқанын жеткізді. Министрлік ақпарат, жастар, отбасы және азаматтық қоғамды дамыту бойынша уәкілетті орган болғандықтан, компаниямен креативті контенттер және заманауи сапалы материалдар жасауға мүдделі. Мәселен желіде Bala house, «Ел бірлігі» жобалары жақсы көріліп жатыр. Бұл бағыттағы жобаларды бірге жалғастырып, TikTok хаустарды ұйымдастырамыз. Себебі компания желіде білім беруге қатысты, имидждік контенттерді көбейтуді де жоспарлап отыр екен», - деп жазды министр.

Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі  жуырда Қазақстанда TikTok-тың офисі ашылатынын айтты.

«Бұл Қазақстанның белгілі компаниямен тығыз байланыс орнатып, елге қажетті дүниелерді ақылдаса отырып жасауға таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Астанада өткен Digital Bridge форумында Мемлекет басшысы Қазақстанның алдында цифрлық трансформацияның басымдықтарын жариялағаны белгілі. Аталған кездесулер Президент қойған міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді деп сенемін», - делінген жазбада.