Баян Алагөзова түсірілім жұмыстарынан кейін Бозжырада қоқыс қалмайтынын айтты

Автор: Әсел Оршыбекова

Белгілі болғандай, мұнда Баян Алагөзова мен режиссер Асқар Ұзабаевтың ашаршылық туралы фильмінің түсірілімдері болған 

Фото: Экспресс К

Күні кеше ғана әлеуметтік желіде Маңғыстау облысының Бозжыра шатқалында түсірілім тобының қоқыстары шашылып жатқан видеосы тарады. 

Бейнежазбаны Антон Дикин есімді Instagram қолданушысы түсірген. Кадрлардан құрылыс материалдарының қалдықтарымен бірге түсірілім тобының шашылып жатқан декорацияларын да байқауға болады. Автордың айтуынша, адамдар от жаққан, артынша киіз үйдің қаңқалары мен өзге де қоқыстарды қалдырып кеткен.

Белгілі болғандай, мұнда белгілі продюсер Баян Алагөзова мен режиссер Асқар Ұзабаевтың ашаршылық туралы фильмінің түсірілімдері болған екен.

Әлеуметтік желіде тараған видеоның астына продюсер Баян Алагөзова да өз пікірін қалдырған.

«Постты өшіріңіз, бізде түсірілім аяқталған жоқ. Шаңды дауыл басталды, біз кетуге мәжбүр болдық. Түсірілім біткеннен кейін бәрін алып, тазалаймыз. Түсірілім жасауға рұқсат етілген құжаттар бар. Алаңдаушылық танытқан жандардан тынышталуын өтінемін, біз ешқашан қоқысты қалдырмаймыз. Сонымен қатар, түсірілім басталмас бұрын біз ол жерден үлкен қоқысты шығардық. Белсенділер неге оны байқамаған? Ал енді ол жерде менің фамилиям аталғандықтан, ешкім жағдайды анықтамай жатып жарыса жаза бастады», - деп жазды продюсер.

Өз кезегінде режиссер Асқар Ұзабаев та түісірілім жұмыстары аяқтала салысымен, көркемдік топ декорация қалдықтарын жинайтынын айтты.

«Иә, біз расымен де ол жерде түсірілім жасадық. Кішігірім декорация құрдық. Түнгі сағат 3-те біз түсірілім жұмыстарын аяқтадық. Біздің көрмкемдік топ сол жерге қайтадан барып, декорацияның қалдықтарын тазалайды. Біздің артымыздан қоқыс қалдырамыз деген ойымыз болған жоқ», - деді ол.