Еуроодақ Ресейге қарсы сегізінші санкция пакетін әзірледі
Осы аптада «Ресей Федерациясының құрамына кіру туралы референдумдар» аяқталып, Украинаның төрт аймағын қосу туралы шешім келесі аптада қабылдануы мүмкін.
Euronews ақпаратттық агенттігінің жазуынша, Ресей тағайындаған оккупацияланған аймақтардың басшылары сәрсенбіде Мәскеуге келді.
Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин депутаттар референдум нәтижелері бойынша шешім қабылдау үшін бұрын жоспарланған өзге мәселелерді кейінірек қарауға қалдырғанын айтты.
Федерация Кеңесі 4 қазанда ел құрамына жаңа субъектілерді енгізу туралы заңдарды қарауға дайын. Мұндай мәлімдемені Ресейдің ақпараттық агенттіктері таратып жатыр.
Ал Украина Президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк Мәскеудің әрекетін «үгіт-насихат шоуы» деп атады, жаулап алынған аумақтарды босату үшін күрес жалғасады деп мәлімдеді.
Еуроодақ Ресейге қарсы сегізінші санкция пакетін әзірледі
Еуропалық Одақ Ресейдің өтікізіп жатқан референдумына жауап ретінде Мәскеуге қарсы жаңа сегізінші санкциялар пакетін жариялады, деп хабарлайды Euronews.
Жаңа санкциялар негізінен саудаға әсер етеді. Ресейден тауарларды сатып алуды тоқтату ұсынылды, бұл оның экономикасын 7 миллиард еуродан айырады. Мәскеуге оның әскери машинасына қажетті негізгі технологиялар мен химиялық заттарды беруге тыйым салынады.
Сәрсенбіде Брюссельде Украинадағы соғысқа арналған ЕО елшілерінің кездесуі өтті. Еуропалық дипломатияның басшысы Жозеп Боррель ЕО Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне, сондай-ақ өзін-өзі жариялаған ДХР, ЛХР, Херсон және Запорожье облыстарына қарсы санкциялар салатынын айтты.
Еуропалық Одақ азаматтарына Ресей мемлекеттік корпорацияларының директорлар Кеңесінде қызмет атқаруға рұқсат етілмейді.
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі Жоғарғы өкілі санкциялар тізімін кеңейту туралы хабарлады.
«Біз тағы бірнеше негізгі операторларды қосамыз, тек ресейліктер ғана емес. Бұл - санкцияларды айналып өтуге қатысқан адамдар», - деді Боррель.
Бүгінде қара тізімге 1200 адам енгізілген. Шектеулер бірқатар ресейлік банктерге, нарықтар мен компанияларға қолданылады. Еурокомиссияның ұсынысын енді Еуроодақтың 27 елінің өкілдері талқылайтын болады. Санкцияларды мақұлдау үшін консенсус қажет.
Мұнай бағасын шектеу режимінің қаншалықты тиімді болатыны белгісіз, себебі Қытай мен Үндістан сияқты кейбір ірі ресейлік сатып алушылар санкциялық келісімге қосылған жоқ. Десе де АҚШ билігі кей ресейлік мұнай сатып алушылар коалицияға ресми түрде қосылмаса да, олар бұл жүйені тиімді пайдаланып, Мәскеуге бағаны төмендету туралы келіссөздерде қысым көрсететініне сенімді.
АҚШ Украинаға 1,1 млрд долларға әскери көмек көретеді
АҚШ Қорғаныс министрлігі Украинаға 1,1 млрд долларға әскери көмектің кезекті пакетін ұсынғанын мәлімдеді, оған 18 Himars реактивті ұшыру жүйесі (rszo) кіреді. Бұл туралы ведомствоның сайтында жарияланды, деп хабарлады Настоящее время ақпараттық порталы.
Сондай-ақ, Украинаға 150 бронды жол талғамайтын көлік, 150 қару-жарақ сүйрейтін машина, 40 жүк көлігі және ауыр техниканы тасымалдауға арналған 80 тіркеме, радарлар, дрондарға қарсы жүйелер, байланыс және бақылау жүйелері, жарылғыш заттарды залалсыздандыруға арналған жабдықтар, сауыт-саймандар мен басқа да далалық жабдықтар беріледі.
Бөлінген қаражатқа АҚШ Украина үшін қару-жарақ, жабдықтар мен оларды жеткізуге арналған орта және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасай бастайды. Пентагондағы Жаңа көмек пакеті «Украина Қарулы күштерінің ұзақ мерзімді күшін арттыру үшін маңызды мүмкіндіктерге көп жылдық инвестиция» деп аталды.
2022 жылдың қаңтарынан бастап Киевке көрсетілген жалпы көмектің сомасы 16,2 миллиард долларды құрады. 16 қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден Украинаға 600 миллион долларға әскери көмек бөлетінін жариялады. Бұл пакетте, атап айтқанда, HIMARS үшін қосымша снарядтар, 105 мм артиллерияға арналған 36 мың оқ-дәрі, 1000 жоғары дәлдіктегі 155 мм артиллериялық снарядтар және төрт артиллерияға қарсы радар болды.