Владимир Зеленский Ресей мобилизациясына қатысқандарға қатысты сөз сөйледі
Шетел жаңалықтарына шолу
Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік мобилизацияға қатысқандарға қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі BBC News Русская службаға сілтеме жасап.
«Майдандағы жағдайға келсек, бізге бәрі түсінікті. Сондықтан тек орысша түсінетіндер үшін тағы қайталаймын. Өмір сүргің келсе, жүгір. Өмір сүргің келсе, беріл. Егер өмір сүргің келсе, өз еркіндігің үшін көшеңде күрес. Араларыңда сарайы, яхтасы немесе банкі барлар бар ма? Сендер тіпті, не үшін күресіп жүргендеріңді де білмейсіңдер. Сенің тек несиең бар. Өзің үшін күрес! Біздің жерімізге, жанымызға, мәдениетімізге қарсы келме!», - деді Владимир Зеленский.
ПЕНТАГОН ӨКІЛІ: РЕСЕЙДІҢ 300 МЫҢ АДАМДЫ ЖҰМЫЛДЫРА АЛАТЫНЫ ФАКТ ЕМЕС
Пентагонда аты аталмаған жоғары лауазымды өкілдердің брифингі өтті. Онда «Америка дауысы» тілшісі (Ресейде «шетелдік агент» деп танылған) Джефф Селдиннің мәліметінше, «Ресей 300 мың адамды жұмылдырады» деген мәлімет мобилизация жарияланған күні Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу айтқан. Бұған қатысты ресми жарияланған құжат жоқ, ал кейбір тәуелсіз БАҚ айтуы бойынша бұл көрсеткіш 1,2 миллионға дейін жетуі мүмкін.
Politico тілшісі Лара Зелигманның айтуынша, шақырылғандардың аз бөлігі ғана ұрыс аймағына келді. Ресей майданға қосымша күш жіберіп жатыр, бірақ қосымша техникалық жабдықтар жеткізіліп жатқан жоқ. Бірақ Украинаның маңызды азаматтық инфрақұрылымына ресейлік соққылардың қарқыны артып келеді.
Фото: 9111.ru
ПЕНТАГОН УКРАИНАҒА ҚҰНЫ 1,1 МЛРД ДОЛЛАР БОЛАТЫН HIMARS ПЕН БАСҚА ҚАРУ-ЖАРАҚ ЖЕТКІЗЕДІ
АҚШ Қорғаныс министрлігі Украинаға жалпы сомасы 1,1 миллиард доллар болатын жаңа әскери көмек пакетін жариялады, деп хабарлайды Франс пресс агенттігі.
Алайда бұл ақша қоймалардан дайын қару-жарақ пен жабдыққа емес, өндірушілердің тапсырыстарына жұмсалады. Бұл тапсырыстарды орындау бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін.
Бұл қаражатқа тағы 18 HIMARS көпреттік зымыран жүйесіне тапсырыс беріледі (әзірге Құрама Штаттар Украинаға тек 16 бірлік берді). Сонымен қатар, оқ-дәрілер, 150 бронетранспортер, 150 тактикалық трактор сатып алынады.
Пентагонда жаңа көмек пакетін «Украина Қарулы Күштерінің ұзақ мерзімді күшін арттыру үшін маңызды мүмкіндіктерге салынған көпжылдық инвестиция» деп аталады. Ресейдің Украинаға толық басып кіруінен бастап, америкалық тарап 16,2 миллиард долларға көмек көрсетті.