Жергілікті полиция қызметі адам көп жиналатын қоғамдық орындарда кезекшілікті күшейті
Соңғы аптада Солтүстік Қазақстанға Ресейден 30 мыңға жуық азамат келді. Олардың 64-і Петропавлда уақытша тұруға рұқсат алған. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілер саны күрт көбейді. Дегенмен ұзын-сонар кезек жоқ, деп Azattyq Ruhy тілшісі.
Жергілікті полиция қызметі адам көп жиналатын қоғамдық орындарда кезекшілікті күшейті. 90 шетелдік облыс аумағында уақытша тұруға рұқсат құжатын рәсімдеген. Оның 64-і Ресей азаматы. Федерацияның 1 481 тұрғыны Қазақстанға келгені туралы тиісті органдарға хабарлама берді.
«Солтүстік Қазақстанға Ресейден келуші азаматтардың легі біршама бәсеңдеді. Шекара қызметінің мәліметінше, Ресей тарапы әскери міндеті бар азаматтардың федерация аумағынан шығуын бақылауға алды. Ресейден келгендердің 20 пайызы 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтар. Бұл жолаушылардың басым бөлігінің Ресейдегі мобилизацияға қатысы жоқ екенін аңғартады. Біздің облыс транзиттік өңір. Сондықтан жолаушылардың басым бөлігі бір күн түнеп, ары қарай кетеді», - деді облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жанбарбек.
Жалдамалы баспана мен қонақ үйлерде бос орын жоқ. Кейбір қала тұрғындары келімсектерді өз пәтерлерінде паналатқаны туралы мәлімет бар. Полиция өкілдері жаңа тәртіпке сай мұндай жағдай болса азаматтар бірден құзырлы органдарды хабардар етуге міндеттелгенін атап өтті.
«Ресей Федерациясының үш азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық жауапкершілік арқалағандар жоқ. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактісі тіркелмеді. Облыс аумағында тұруға ықтиярхаты бар 6369 шетелдік бар, оның 4760-ы Ресей Федерациясының азаматтары. Жыл басынан бері Ресей Федерациясының 272 азаматы тұрақты тұруға рұқсат алды. Учаскелік полиция инспекторлары көші-қон қызметкерлерімен бірлесіп облыстың барлық аудандарында кәсіпорындар мен ұйымдарды, қонақ үйлерді, хостелдерді, жалға алынатын пәтерлерді тексеруді жүзеге асыру, сондай-ақ «резеңке» пәтерлердің болуын анықтау үшін полицияның учаскелік инспекторлары, көші-қон қызметі, прокуратура, әкімдік қатарынан мобильді топтар құрды. Ресей Федерациясының келетін азаматтары үшін шекара өткізу пункттерінде және әлеуметтік желілерде орналастырылатын жадынама әзірленді», -деді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ермек Нөсербаев.
Ал Павлодар облысына Ресейден 35 мың адам келген. Оның ішінде 13 мыңы - Ресей Федерациясының азаматтары, 5 мыңы Қазақстан аумағынан кетті. Көрші мемлекеттен келгендер үшін жедел желі іске қосылды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жұмыс режимі күшейтілді.