Дания мен Германия билігі «Солтүстік ағынның» қасақана зақымдалғанын жоққа шығарған жоқ
«Солтүстік ағын» құбырларында бір тәулікте үш рет газ ағып кеткен. Еуропа бұл жайтқа қатысты «Ресей немесе Украина мақсатты шабуыл жасады» деген күдік білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Reuters агенттігінің мәліметінше, сейсенбіде Еуропа елдері ресейлік құбырлардағы ақаулар бойынша тергеуді бастады. Құбырлар зақымдануы салдарынан Балтық теңізіне ірі көлемде жанармай төгілген. Nord Stream компаниясы «Солтүстік ағын» газ құбырлары жүйесінің үш тармағының зақымдалғанын мәлімдеді.
Нақтырақ айтқанда, «Солтүстік ағын-1» құбырының екі тармағы және «Солтүстік ағын-2» құбырының бір тармағы зақымдалған. Екі құбыр да Ресейден Германияға Балтық теңізінің түбімен өтеді. Операторлық компания ақаудың пайда болғанын 26 қыркүйекте жариялады. Төтенше жағдайлар бір күнде және бір аумақта – Данияның Борнхольм аралының маңында болған. Nord Stream мәліметінше, ақау салдары аса ауқымды әрі ауыр болмақ. Оның үстіне, қалпына келтіру уақыты да қазірше белгісіз болып отыр.
Швецияда тиісті тергеуді бастап, аталған оқиғаны тікелей «қасақана жасалған әрекет» деп бағалады.
Дания мен Германия билігі «Солтүстік ағынның» қасақана бүлінгенін жоққа шығарған жоқ.
«Қорытынды жасауға әлі ерте, бірақ бұл төтенше жағдай екені рас. Үш бірдей ақау салдарынан газ жылыстап кеткен. Бұл жағдайдың кездейсоқ болуы мүмкін емес», - деді Дания премьер-министрі Метте Фредриксен.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та газ құбырының үш тармағының зақымдануы диверсия салдарынан болғанын жоққа шығармады. Ол бұл оқиғаны «Кремльді де қатты алаңдатып отырған айрықша жағдай» деп атады.
«Солтүстік ағынға» Ресей де, оның еуропалық серіктестері де миллиардтаған доллар жұмсағанын айта кету керек. Алайда бұл арандату әрекетенің артында кім тұрғаны белгісіз.