Аймақ басшысы көші-қон мәселелері бойынша өңірлік жедел штабтың отырысын өткізді
Павлодар облысына бес күн ішінде 13 мың ресейлік келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресей Федерациясынан келушілер санының артуы өңірлік жедел штабының отырысы барысында қарастырылды. Әбілқайыр Сқақов миграциялық процестерді бақылауды күшейтуді тапсырды.
ҚР ҰҚК шекара қызметі департаментінің бастығы Ғани Бекмырзаевтың ақпаратына қарағанда, 2022 жылдың 21-26 қыркүйегі аралығында Павлодар облысы шекара бекеттерінен 35 мың адам өткен. Олардың ішінде 13 мың адам Ресей Федерациясының азаматтары, 5 мыңы Қазақстан аумағынан кетті.
Полиция департаментінің бастығы Василий Склярдің сөзіне қарағанда, соңғы бес күн ішінде ХҚКО және көші-қон қызметі бөлімшелеріне келуі туралы ескерту бойынша 388 ресейлік азамат өтініш берген, уақытша тұруға 154 адам көмекке жүгінген. Облыстағы криминогендік жағдай тұрақты.
Облыс орталығында үш халыққа қызмет көрсету орталығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Павлов, 48 мекенжайы бойынша күшейтілген ХҚКО ашылды. Адамдардың шамадан тыс көп шоғырлануын болдырмау үшін шетелден келушілер үшін арнайы кезек пен бес қосымша терезе ұйымдастырылған.
Әбілқайыр Сқақов жағдайды мониторинг жүргізу мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп, барлық мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылын күшейтуді тапсырды.
«Жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша іс-шара қолдану маңызды. Полиция департаменті мен Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментіне өңірдегі заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, келген ресейліктерді уақтылы тіркеу бойынша алгоритм әзірлеу қажет. Қалалар мен аудандар әкімдері мигранттар легін реттеуге арналған штабтар құру керек», - деді өңір басшысы.
Облыс әкімі шетелден келгендерге ҚР Заңға сәйкес көмек көрсетілетінін атап өтті. Құзыретті органдарға қонақ үйлер иелері және мигранттармен құқықтар мен жауапкершіліктер жайында түсіндіру жұмыстарын өткізу тапсырылды. Облыста жедел желі іске қосылады.