Жамбыл облысында аудан әкімдігі 5 млн теңге қаржыны өзге мердігерге аударып жіберген

Автор: Azattyq Rýhy

Енді «Жуалы-Су» кәсіпорыны жұмысшыларына жалақы бере алмай отыр
 

Жамбыл облысында аудан әкімдігі 5 млн теңгеден аса қаржыны әлдебір компанияға текке аударып жіберген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жуалы ауданы – қысы қатты, қары қалың түсетін аймақтың бірі. Аудандағы қар тазалау жұмыстарымен былтырға дейін «Жасыл-Жуалы» мекемесі айналысып келген. Бірақ мекеме 2021 жылы «Жуалы – Су» кәсіпорынына қосылған. «Бірақ өткен қыста қар тазалау жұмыстарына бөлінген ақшаны алмадық» дейді. Себебі жауапты бөлім бюджеттен бөлінген 5 млн 100 мың теңгені өзге мердігерге аударып жіберген.

«Техника бізде болғаннан кейін біз алдық та, тазалай бердік. Әйтеуір орны толатын шығар деп жасай бердік. Ол ақшаны біз алмадық та, көрмедік те. Қыстан өзіміздің шамамызбен шықтық. Шығынға баттық. Сол ақшаның бәрі шығынмен кетті ғой. Қаншама соляркамыз, жұмысшылардың айлығы кетті», - деп күйінеді «Жуалы-Су» КММ директоры Қуанышбек Болысбаев.

«Жұмысын істеп, қаржысын алмадық» деген мекеме басшысы шығынын кімнен аларын білмейді. Түсірілім тобымен әкімдік ақшасын алған мердігерді таптық. Кәсіпкер бас мердігер ретінде қаржыны ұтып алғанын растады. Дегенмен істелген жұмыстың ақысын, неге екені белгісіз, «Жасыл-Жуалы» серіктестігінің бұрынғы басшысына аударған. 

«Сол кездегі Нұрбек Момбеков дейтін басшының жеке өтінішімен жұмыс тоқтап қалмас үшін өзінің жеке шотына аударып отырдым. Себебі салық төлемегені үшін қарызымыз болды. Оны өздерінде істейтін бүкіл бухгалтерия, инженерлер сөзімді растайды деп ойлаймын», - дейді мердігер компания директоры Санжар Орынбасар.  

Тұрғын үй коммуналдық бөлім басшысы мәселеге бас қатырғысы жоқ. «Тапсырыс беруші мекеме болғандықтан, тек жұмыстың орындалғаны маңызды» дейді.

Қоғамдық кеңес мүшелері күдікті істі құзырлы мекемеге жолдаған. Қазір зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы «Жуалы-Су» мекемесі шығынға батқан кәсіпорындар тізімінде. Бүгінде 100 млн теңгеден аса қарызы бар.