Адвокат 4,5 миллион теңге ақшаны алып жатқанда ұсталды
Павлодар қаласының № 2 сотында Павлодар облыстық адвокаттар алқасының адвокатына қатысты ірі көлемде алаяқтық әрекеті және пара беруге итермелеу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс материалдары бойынша, Павлодар облыстық адвокаттар алқасының адвокаты күдіктіге қылмыстық іс бойынша заңгерлік көмек көрсету кезінде аса ауыр қылмысты қылмыстық құқық бұзушылыққа қайта саралау түрінде алаяқтық жасағаны белгілі болды.
«Өзінінің адвокаттық міндетін орындау барысында қорғауға алған адамның жұбайы бұрынғы сыныптасы екенін білген. Сол сәтте ол алдау арқылы ірі көлемде пайда табуды ойлайды. Өзінің бұл ойын іске асыру үшін бұрынғы сыныптасымен кездесіп, оның жолдасы жасаған қылмыстың ауырлығын түсіндіруге бел байлаған. Бұған қоса, бұл жағдайдан пара беру арқылы заңсыз жолмен шығу әдісін ұсынған», - деп хабарлады Павлодар қаласының № 2 сотының баспасөз қызметінде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің жасырын бақылауымен келісілген соманың 1 000 000 теңге бөлігі адвокатқа берілді. Келесі күні қалған 4 480 000 теңгені алған кезде адвокат парамен ұсталды.
Сот оның жазасын өтеу мерзімін бес жылға кейінге шегеріп, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескерді. Оның бірі ауыр болып табылады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған екі және бір кішкентай баласының болуы, сондай-ақ бірінші рет қылмыс жасауы назарға алынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.