Жаңадан үй, жол салу, өтемақы, газ, су, электр энергиясы: Қостанай облысын қалпына келтіру жұмысы басталып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Орман өртінен келген залалдың орнын өтеу үшін Үкімет резервінен 2,3 млрд теңге бөлінді

Фотолар: ашық дереккөзден

Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен тұрғындарға қандай көмек көрсетіледі? Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Аманқарағай ауылының тұрғындарымен кездесіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен көмек шаралары туралы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жиын барысында өңір әкімі жергілікті тұрғындар көтерген өзекті мәселелерге жауап беріп, көрсетілетін көмек мәселесіне жеке тоқталып өтті.

Орман өртіне келген залалдың орнын өтеу үшін Үкімет резервінен 2,3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы жуырда ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім еткен болатын. Бұл қаражатқа өрт кезінде баспанасынан айырылған тұрғындар үшін қанша үй салынатыны белгілі болды. Ал қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 13 мердігерлік ұйым айналысып жатыр.

«Төтенше жағдайлар министрлігінен бірінші бюджеттік өтінім келді. Осы бюджеттік өтінімге сәйкес 2,3 млрд теңге Үкімет резервінен бөлінеді. Бұл нысаналы қаражат. Ол үй құрылысына жұмсалады. Бүгінгі есептеулерге сәйкес, бұл қаражат 91 үй салуға бөлініп отыр. Әр үйге шаққанда 25 млн теңгеден келеді», - деді министр.

Зардап шеккендерге арнап салынатын жаңа үйлер қайда салынады? Бұл үйлер әркімнің өзіне тиесілі жерге, яғни өрт болған орындарға салына ма? Әлде жаңа үйлер жаңа учаскелерге салына ма? Аймақ басшысы жергілікті халықпен өткізген кездесуінде осы сауалға арнайы тоқталып өтті.

«Әулиекөл ауылының бас жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына жалпы ауданы 53 га жер учаскесі бар. Осы учаскеден 10 сотық учаскеде әрқайсысының ауданы 100 ш.м. тұрғын үй салу үшін 12 га бөлінді. Жер учаскелері қажетті инфрақұрылыммен, нақтырақ айтқанда су, газ, электр энергиясымен, сондай-ақ кірме жолдармен қамтамасыз етілетін болады. Құрылыс жұмыстары өзімнің жеке бақылауыммен, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаумен жүзеге асырылады», - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жергілікті халықпен өткізген кездесуінде.

Үкімет резервінен бөлінген қаржыға салынатын үйлер зардап шеккен азаматтардың меншік құқығына берілетін болады. Яғни сол үйдің заңды иесі болмақ.

Әкім мен зардап шеккен тұрғындар арасында өткен кездесуде төрт түлік малы қырылған отбасыларға да өтемеақы төленетіні белгілі болды. Ал өңірлік ветеринария басқармасының басшысы Ақат Шектібаев осыған дейін қанша мал шығын болғанын мәлім еткен болатын.

«Қазіргі уақытта арнайы құрылған комиссия орман өрті салдарынан шығын келген мал мен құстың санын есептеп жатыр. Ол жұмыстарға ветеринариялық станциялардың 23 техникасы мен 37 маманы жұмылдырылды. Қазіргі ақпаратқа сәйкес, Әулиекөл ауданы бойынша 30 бас ірі қара мен 2 ұсақ мал, 105 бас шошқа және 130 құс шығыны болды. Ал Қарасу ауданы бойынша 8 бас ірі қара, 117 бас шошқа, сонымен қатар 582 құстың өлексесі табылды», - деді Ақат Шектібаев.

Әкімнің айтуынша ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залалды өтеу Әулиекөл ауданының әкімдігіне жүгінген әрбір адамға жергілікті бюджет және «Қайырымдылық КZ» қоғамдық қоры қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Айта кетейік, осыған дейін үйі өртеніп кеткен қостанайлықтарға 500 мың теңгеден алғашқы көмек берілген болатын. Мұны «Қайырымдылық KZ» қорының өкілі Гүлмира Амангелдіқызы мәлім етті.

«Қазіргі уақытқа дейінгі ақпарат бойынша қорға 697 600 000 теңге түсті. Қаражат ең алдымен өрттен зардап шеккендерге жұмсалады. Бүгін біз үйлері толық өртеніп кеткен 91 отбасыға алғашқы көмек ретінде 500 мың теңгеден беру туралы шешім қабылдадық. Бұл көрсетілетін көмектің әзірге бастапқысы ғана. Қалған қаражат арнайы құрылған комиссияның шешіміне сәйкес бөлінеді», - деген еді қордың өкілі Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Көп ұзамай «Қайырымдылық KZ» зардап шеккендерге тағы 1 млн теңгеден көмек көрсететіні белгілі болды. Ал бүгінге дейін құжаттарын толық көлемде ұсынған алғашқы 48 отбасы 1 млн теңгеден алды.

Айта кетейік, Қостанай облысын орман өртінен кейін қалпына келтіру жұмысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Қазірдің өзінде салынуы тиіс 91 үйдің 55 учаскесінде іргетасы құйылып үлгерді.