Келесі жылдан бастап жұмысынан айырылғаны үшін төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де ұлғайтылады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін әзірлеуге кірісті. Жұмысты келесі жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
«Президент жариялаған келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны көтеру бастамасы жалақысы ең төменгі жалақы деңгейінде болған 1 миллион 800 мың қызметкерге әсер етеді. Ол сондай-ақ басқа жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысына санаттары мен біліктіліктерінің ықпалын ескере отырып, олардың табысын арттырады.
Сонымен қатар биыл басынан бері жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 1,8 мыңға жуық жұмыс беруші 1,2 миллионнан астам жұмыскер жалақысын орташа есеппен 5-тен 50 пайызға дейін өсірді», — деді Тамара Дүйсенова.
2023 жылдан бастап Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша жұмысынан айырылғаны үшін төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де жұмыспен қамтылған азаматтар табысының 45%-ына дейін ұлғайтылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің солтүстік және орталық өңірлеріне реттелетін ішкі көші-қонды ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралды. Министр әрбір қабылдаушы өңір қоныс аударуды ынталандыру үшін жұмыс күші тапшылығын сезініп отырған экономиканың басым секторларын анықтайтын арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеп жатқанын айтты.
«Еліміздің басқа өңірлерінде құрылған қолданыстағы бизнес-жобаларды көшіруді және кеңейтуді көздейтін солтүстік және орталық өңірлер үшін 100 бизнес-жобадан тұратын кейс қалыптасады. Қоныс аударуды ынталандыру үшін қоныс аудару аумағындағы тұрғын үй құнының 50% дейін өтемақы алуға құқық беретін ұтқырлық сертификаты енгізіледі», - деді Тамара Дүйсенова.