Жыл басынан бері Қазақстанға 1,7 млн-нан астам ресейлік келген
Жүздеген азамат елімізде тұруға өтінім берген
ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықовтың мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанға 1,7 миллионнан астам Ресей азаматы келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жыл басынан бері Қазақстанға 4,3 миллионнан астам шетелдік келді, оның 1,7 миллионы – Ресейден, 1,5 миллионнан астамы – Өзбекстаннан, 547 мыңы – Қырғызстаннан және 200 мыңнан астамы Тәжікстаннан келді. 2019 жылы пандемияға дейін Қазақстанға 2 млн 875 мың ресейлік азамат келген. Яғни, шамамен 3 миллион адам келсе, ал биылғы 9 айда 1 миллион 600 мың адам келген. Дегенмен Ресейден келгендер саны 22 қыркүйектен кейін екі есеге артты. Сондықтан шекара бекеттерінде кептеліс бар», – деді Аслан Аталықов.
Оның айтуынша, 1-24 қыркүйек аралығында Ресейдің 115 азаматы Қазақстанда тұруға өтінім берген.
«1 қыркүйектен 24 қыркүйекке дейін 896 шетел азаматы тұруға рұқсат алуға өтініш білдірді. Оның ішінде 115-і Ресей азаматы, бұл шамамен 10% құрайды», - деді А. Аталықов.
Ол кез келген шетел азаматы, соның ішінде Ресейден келгендер де Қазақстанда тұру құқығын алуға өтініш бере алады, бірақ оған заңды негіз болуы керек деді.
«Егер ол елге заңсыз кірген болса, онда елде тұруға ықтиярхат ала алмайды. Шетелдік азаматқа тұрақты тұруға рұқсат берілмесе, 30 күн ішінде елден кетуі керек», - деді ІІМ өкілі.