Алматы облысында 400 оқушы медресе мен Мәдениет үйінде оқуға мәжбүр

Автор: Azattyq Rýhy

Өйткені 1 млрд 300 млн теңге бөлінген мектептің жөндеу жұмысы әлі бітпеген

КТК арнасы

Алматы облысында 400 оқушы ауылындағы мектепке бара алмай жүр. 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінген мектептің жөндеу жұмысы әлі бітпей, Райымбек ауданындағы Сарыбастау ауылының оқушылары екіге бөлініп оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқушылардың жартысы аядай ғана бөлмелері бар медресенің жатақханасында білім алса, бір бөлігі ауылдағы Мәдәниет үйінде сабақ оқуда. Тұрғындардың құрылыс сапасына да көңілі толмайды. Медресе мен Мәдениет үйін паналаған Алматыдан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылының бүлдіршіндері биыл мектептабалдырығын аттаған жоқ. Елдімекендегі 400 оқушы екі жерге бөлініп оқиды. Жартысы мына медресенің жатақханасында. Балалар қуықтай ғана бөлмеде қысылып-қымтырылып отырса, мұғалімдер ғимараттың кіреберісіндегі бір кішкентай үстелге жайғасады.

Ал оқушылардың бір бөлігі 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған ауылдың Мәдениет үйінде оқиды. Ғимараттың оңып тұрмағанын сыртынан-ақ байқауға болады. Бұрыштары көгеріп кеткен, қабырғалары опырылып түсіп жатыр. Ішінде де жағдай мәз емес. Ғимарат ішінен де көгеріп жатыр. Төбелері тіпті сыпырылып түсіп қалған. Соған қарамастан оқушылар күнде осында келіп білім алады. Ауыл балаларының екі мекемеде сенделіп жүруі 1 миллиард 300миллионнан астам теңгеге жөнделіп жатқан мектептің құрылысы дер кезінде бітпеуінен дейді тұрғындар.

«1 миллиард 350 миллион 365 мың теңге жерде жатқан дүние емес. Ал енді осы компания ұтып алғаннан кейін жылтырап тұрған шатырлар ауыстырылған. Үстіндегі бөренесінің біреуі ауыстырылған жоқ. Бұрынғы ескі бөрене бәрі қалды да, шатыр жапты. Қалай істегені белгісіз. Әнеу күнгі бір тәулік жауында төбесінен қанша су өткені де белгісіз», - дейді ауыл тұрғыны Ержан Молдахметов.

 Бұл ауылдағы жалғыз мектеп. Іргетасы 1970 жылы қаланып, сол уақыттан бері бір жөндеу көрмеген. Биыл ғана қомақты қаражат бөлініп, маусым айынан бастап күрделі жөндеу жүріп жатыр.  640 балаға арналған білім ордасының ауданы 3821 шаршы метр. Тұрғындар мектепке бөлінген қомақты қаражат пен жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысы мүлдем сай келмейді деп ашынып отыр. Ал құрылыс компаниясының айтуынша, биыл қаражаттың тек 40 пайызы ғана бөлінген. Осылайша компания жетпеген ақшаны қалтадан шығардым дейді.

 «Келісімшарт бойынша келесі жылдың екінші тоқсанында өткізетін уақытымыз. Осы жылға бөлінген ақша 40 пайыз ғана. Ол 475 миллион теңге. Оны біз шілде айында толық игеріп тастадық. Одан кейінгі жұмыс тоқтаған жоқ. Қазір істелініп жатыр. Өз компанияның қалтасынан кетіп жатыр. Ортақ бөлінгені 1 миллиард 174 миллион теңге көлемінде», - деді құрылыс компаниясының өкілі Мұратбек Бекетаев.

Құрылыс компаниясы өкілінің айтып отырған саны бір бөлек, аудандағы атқамінерлердікі басқа. Шенділер балалар оқып жатқан екі нысан жап-жаңа деп, өзіне шаң жуытпай тұр. Олар оқушыларды қазан айында мектепке кіргізіп, жөндеуді келесі жылы жалғастырмақ екен. Ал небәрі 415 түтіні бар ауылдағы мектепке 1 миллиард 300миллион теңге бөліп жөндетпек түгілі, жаңасын салуға жеткілікті деген тұрғындардың шағымына жергілікті биліктің уәжі дайын.

 «Жоба құны 1 миллиард 300 миллион теңге. Ол жерде өздерінің бөлек-бөлек корпустары бар. Сосын сейсмикасын қатайтады. Үш қабатты ғимарат. Соған байланысты оның бағасы солай шығып отыр. Облыс әкімі немесе аудан әкімі ақшаны өзі белгілеп бере салмайды. Тиісті мамандар жоба жасайды. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді. Мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алып шыққаннан кейін қаржы бөлініп жұмыс басталады. Ол бәрі есептелген», - деді Райымбек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Жусанбаев.

Енді қалған 700 миллион теңгесі келесі жылы бөлінеді екен. Жалпы Райымбек ауданында 22 мектеп болса, биыл олардың үшеуіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Екі мектепке мемлекеттік бюджеттен 500 миллион теңге төңірегінде бөлінген. Ал жөндеуі ең қымбатқа түскен – Сарыбастау ауылындағы білім ордасы.