Оқытушылардың айтуынша, бұған америкалық Аризона университетімен бірлескен жоба әсер етіп отыр
Жаңа оқу жылынан бастап Солтүстік Қазақстандағы Қозыбаев университеті америкалық Аризона университетімен бірлесіп маман даярлауға кірісті. Былтыр екі білім ордасы және ҚР Білім және ғылым министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы үшжақты келісім жасалған болатын. Ал жергілікті оқытушылардың кейбірі жаңа жоба жұмысына қарсылық білдіріп жатыр. Айтуларынша, шетелдік мамандардың келуі қазақстандық педагогтардың сағат санының азаюына, сәйкесінше төленетін жалақының төмендеуіне әсер еткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
КЕЙБІР ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ 70 МЫҢ ТЕҢГЕ
Қозыбаев университеті - 90 жылға жуық тарихы бар жоғары оқу орны. Бүгінгі күні 7 факультетте 6 мыңнан астам студент білім алып жүр. 400-ден астам оқытушы 161 бағыт бойынша маман даярлайды. Осыдан 3-4 жыл бұрын үлкен зертхана ашу мақсатында жаңа корпус құрылысы басталған болатын. Алайда жұмыс созбаққа салынып, нысан уақытылы ашылмады. Құрылыс аяқталғанша жоспар өзгеріп, ғимарат биыл Аризона университетінің факультетіне берілді. Қабылдау комиссиясы құжат қабылдау мерзімін қайта-қайта ұзартып, тиісті талапкерлер санын қабылдады.
Петропавлда шетелдік университет жұмыс істейтіні туралы ақпарат тарағанда кейбір ата-аналар бұған қырсылық білдірген еді. Жаңа оқу жылының басталғынана ай өтпей жатып, оқытушылар да өз наразылықтарын білдіріп жатыр. Солардың бірі - Заң факультетінің аға оқытушысы Павел Афанасьев. Ол бұл мәселені әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Петропавл қаласында Аризона университеті филиалының ашылуы жергілікті педагогикалық кадрларға кері әсерін тигізді. Әрі қарай жағдай оңалуы екіталай деп ойлаймын. Биылға оқу жылында университеттің көптеген кафедраларында қос дипломды білім беруге көшкен мамандықтар бойынша ғана емес, бұрынғы режимде жұмыс істейтін мамандықтар бойынша да оқытушылардың жылдық оқу жүктемесі едәуір қысқарды. Бұл жалақының төмендеуіне, көп мамандардың жұмыстан кетуіне, жалақыға қосымша ғылыми атағы, рейтингі, қоғамдық жұмыс және тағы басқа көрсеткіштер бойынша төленетін түрлі үстемеақылардың жойылуына әкелді. Демек, американдықтар жергілікті жоғары білім беру нарығынан қазақстандық кадрларды ығыстырды. Жергілікті оқытушылар «өз үйлерінде» отырып зиян шегуде. Бастапқыда екіжақты әріптестікке қарсылық білдіргендердің әжуіне сенімсіздікпен қараған едім. Олардың болжамы дөп келді. Көптеген әріптестеріміз жұмыстан босатылмаса да 0,25; 0,5; 0,75 жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр. Сәйкесінше, алатын жалақылары төмендеп қалды. 70 мың теңгеге жүргендер бар. Биыл Президентіміз Тоқаев өз жолдауында бекіткен ең төменгі жалақы. Оған күн көру мүмкін емес екенін барлығы біледі. Ал пәндер саны өзгеріссіз қалды», - дейді Павел Афанасьев.
ӘКІМШІЛІК ОҚЫТУШЫНЫҢ СӨЗІН ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ
Университет әкімшілігі оқытушының сөзін жоққа шығарды. Айтуларынша, шетілдік оқу орнымен әріптестік жергілікті мұғалімдердің жұмысына әсер етіп отырған жоқ.
«Аризонамен бірлескен жобаны іске асыру оқытушылардың еңбекақысының төмендеуіне әсер еткен жоқ. Аталған бағдарлама бойынша 19 педагог сабақ береді. Олардың ішінде біреуі ғана Аризона университетінің өкілі. Оның жалақысын шетелдік оқу орны төлейді. Жергілікті оқытушылардың жүктемесі оларға берілмейді. Жергілікті 18 оқытушының 16-сы біздің университетте бірінші жыл жұмыс істеп отырған жоқ. Биыл жаңадан екі адам ғана жұмысқа қабылданды. Университет жыл сайын студенттерді қабылдау бойынша жұмыс істейді. Биыл жалпы саны 1500 студент келді. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда көп. Оқытушылардың жалақысын төлеу оқуға түскен студенттердің гранты есебінен жүзеге асырылады. Биыл өкінішке қарай, заңгер мамандығына 44 судент қана түсті. Өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе аз. Жүктемені каферда оқытушылары өзара бөліседі. Сәйкесінше 12 ставка 22 оқытушыға жүктелген. Бұған Аризона университеті жұмысының мүлде қатысы жоқ», - делінген Қозыбаев университетінің баспасөз қызметі таратқан жазбада.
Биыл заңгерлік мамандықтарға мемлекеттік оқу гранты өте аз мөлшерде бөлінді. Өйткені, еңбек нарығында аталған кәсіп иелерінің жетіспеушілігі жоқ.
Оқуға қабылдау бес білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілді: «Өсімдіктер туралы ғылымдар», «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар», «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі», «Биотехнология», «Ақпараттық жүйелер».
Үшжақты әріптестік аясында Қазақстанның еңбек нарығына қажетті ІТ, агротехнология және жаратылыстану, химия, энергетика сынды тағы басқа салалардың мамандары даярланбақ. Биыл Аризона университетімен бірлесіп маман даярлау мақсатында 500 мемлекеттік грант бөлінді. Студенттер алғашқы 3 жыл бойы Қазақстанда білім алса, соңғы, 4-ші курсты АҚШ-та аяқтауға мүмкіндік туады. Оқуды сәтті аяқтаған түлектер қос дипломға ие болады.
Оқи отырыңыз: СҚО-дағы Қозыбаев университеті америкалық Аризона университетімен бірлесіп маман даярлай бастайды