«Тәрбиеші психологиялық тексерістен өтуі керек»: балабақшада ұрып-соғу оқиғаларының алдын алу жолы

Автор: Сағыныш Ибрагим

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тәрбиешілердің айлығы көтеріліп, аттестациядан өтетін болады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Балабақшаларда балаларды ұрып-соғу оқиғалары – қоғамда қызу талқыланатын тақырыптардың бірі. Соңғы уақытта тәрбиешіге қатысты дау жиілеп кетті. Мемлекет басшысы өз жолдауында тәрбиешілер арнайы аттестациядан өтетінін және олардың жалақысын көтеріп, беделін арттыру керектігін айтты.

Azattyq Ryhy тілшісі тәрбиешілерді аттестациялау баланы ұрып-соғу жағдайын азайта ала ма, тәрбиеші жалақысы мен оларды қызметке алу барысында қойылатын талаптар мен тәрбиешілерге қатысты даудың шығу себептерін зерттеп көрді.

Келесі жылдан бастап Президент тапсырмасы бойынша балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледж мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25%-ға өседі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында мұғалімдер жалақысының жыл сайын көтерілуі оң нәтиже беріп отыр. Мұғалім мамандығына мектепті үздік бітірген түлектер келе бастады. Талапкерлердің ҰБТ-дағы орташа балы айтарлықтай өсіп, педагогикалық мамандықтарға түсетін «Алтын белгі» иегерлерінің саны бірнеше есе көбейді. 2023 жылғы қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өседі. Сонымен қатар мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-дан 50%-ға дейін), магистр дәрежесі үшін, сабақтарды ағылшын тілінде жүргізгені, дәптерлерді тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлігі үшін қосымша төлемдер», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балабақша тәрбиешілері толтыруға міндетті құжаттардың саны азаятыны туралы айтты. Енді тәрбиеші тек мынадай құжаттарды ғана толтырады:

  1. оқу жылына арналған перспективалық жоспар (жылына бір рет толтырылады);
  2. тәрбие-оқу процесінің циклограммасы (бір аптаға толтырылады);
  3. диагностиканың (бастапқы, аралық, қорытынды өлшеулердің) нәтижелері бойынша оқу жылына арналған баланың жеке даму картасы, ол қажеттілігіне қарай толтырылып, жүргізіледі.

Енді мектепке дейінгі білім беру деңгейі бойынша министрлік айқындаған нақты тізбе бар. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» заңда және Әкімшілік кодексте жазылған басқа да құжаттарды талап етуге жауапкершілік қарастырылған және айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартатын органдар да жұмыс істейді.

Президент тапсырмасы бойынша тәрбиешілерді аттестациялау мемлекеттік балабақшалармен қатар жекеменшік балабақшаларда да жүргізілетін болады.

«ТӘРБИЕШІЛЕРДІҢ БЕДЕЛІ МЕКТЕП МҰҒАЛІМДЕРІНЕН ТӨМЕН»

Жеті жылдан бері тәрбиеші болып қызмет істеп келе жатқан Данагүл Жүсіпова тәрбиешілерге қатысты шығатын дауда таяқтың ұшы ұзақ жылдан бері қызмет ететін тәрбиешіліерге де тиетінін айтады. Маман өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырымен бөлісті.

«Қазір тәрбиешілердің беделі мектеп мұғалімдерінен төмен екені бәріңізге белгілі. Көбі тәрбиешілерге жеңіл мамандық ретінде қарайды. Олардың құқығы қорғалмай жататын кездер тағы бар. Баламен жұмыс істеу оңай емес. Оны тек балабақшада жұмыс істеген жандар ғана біледі.

Өзімнің тәрбиеші болып жұмыс істегеніме биыл 7 жыл болды. Алатын айлығым – 220-230 мың шамасында. Қымбатшылық та қысып тұр. Тәрбиеші мамандығының қиын тұстары өте көп. Алғаш келген бала тек үйіндегі ата-анасы, бауырларымен ғана қарым-қатынаста болып үйренген. Оларды қоғамға басқа да балаларға бейімдеу, үйрету үшін біраз еңбек керек. Баланың тілін ғана тауып қоймай ата-анасымен де сөйлесе білу қажет. Жұмыстағы тәрбиешінің ең бірінші міндеті – жауапкершілік. Баланы таңерттең ата-анасынан аман-есен қабылдап алғаннан кейін кешке үйіне барамын дегенше оның денсаулығына толық жауаптымыз.

Тәрбиешілерге қатысты түрлі дауларды бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп, естіп жүрміз. Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар. Сондай жаңалықтарды естігенде таяқтың бір ұшы ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бізге де тиетіні анық. Кез-келген адам өз мамандығын жақсы көріп, жұмысынан ләззат алу керек деп ойлаймын. Мамандығын жақсы көрген адам жұмысын тиянақты істейді. Сондықтан тәрбиешілікке келгісі келетін жандарға айтарым барынша сабырлы, жауапты, шыдамды болыңыздар», - дейді тәрбиеші.

Оның айтуынша баланы қоршаған ортаға тез биімдеуде тәрбиешімен қатар ата-ананың да міндеті жоғары.

«Тағы бір айта кететін мәселе, баланы қоғамға дұрыс бейімдеу үшін тәрбиеші мен ата-ана бірге жұмыс істеуі керек. Мысалы, қазақ тобында балаға күні бойы қазақша сөйлеп, қазақ тілін үйретуге барымызды саламыз. Ал кешке бала үйіне кеткеннен кейін кейбір ата-ана әдетінше орыс тілінде сөйлейді. Екі жақта екі тілде сөйлегеннен кейін бала шатасып қалады. Осылайша көп жағдайда қазақ тіліне шорқақ болады. Осы тұста ата-аналарға үйінде балаларымен барынша қазақ тілінде сөйлесуге кеңес беремін.

Президентіміз аталған мамандық иелерінің беделін арттыру, жұмысын жеңілдету туралы айтқанын естіп, қуанып қалдық. Еңбегің еленіп жатса бұл үлкен бақыт деп ойлаймын», - дейді Дана Жүсіпова.

ТӘРБИЕШІНІҢ ӨЗ ЖҰМЫСЫНА ҚАБІЛЕТСІЗ ЕКЕНІН ҚАЛАЙ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ?

Психолог Гүлжан Амангелдиева тәрбиешілер жұмысқа орналасу кезінде міндетті түрде психологиялық тексерістен өтіп, психологпен жұмыс істеу керектігін айтады. Маман қазір балабақшаларда жиілеп кеткен ұрып-соғу оқиғаларының шығу себептеріне тоқталды.

«Қазір барлық жерде ақпарат қолжетімді. Түрлі бейнебақылау камералары бар. Техниканың, желінің дамуына байланысты ақпарат тез тарайды. Қазір ата-аналар арасында ұстаздардың беделі түсіп кетті. Бұрын олар мұғалімге қарай ыңғайланса, қазір балаға ыңғайланады. Баланың айтқанына құлақ салады, көңіл-күйіне қарайды. Осылайша, зорлық-зомбылық фактілері тез анықталып жатыр. 

Тәрбиешіге қатысты дауда бірнеше себеп болуы мүмкін. Ең алдымен тәрбиешінің кәсібилігіне қарау керек. Ол бұрын балалармен жақсы жұмыс істеген, бірақ соңғы кездері өзгерістер болып жүр делік. Бұндай жағдайда тәрбиешіде эмоционалды күйзеліс болуы мүмкін. Демек ол алдын алу деген нәрсені білмейді. «Соңғы уақытта балаға көп ұрысып кеттім, ашуланып жүрмін. Демалыс алайын немесе психологқа барайын» деген сияқты ой ойламайды. Керісінше ашу-ызасын балалардан алады.

Екінші – жалақы мәселесі. Төмен төлемақы болғандықтан істеген жұмысына сай алған айлығына қанағаттанбайтындар болады. Бізде әсіресе ауылды жерлерде баласына не дәрігер, не мұғалім бол дейтін ата-аналар әлі де бар. Ол мамандық баласына ұнай ма, қабілеті бар ма, мән бермейді. Мамандығын жақсы көрмеген адам жұмысқа жақсы көңіл-күймен бармайды. Өзінің сүйікті ісімен айналыса алмағандықтан оның өзіне деген сенімділігі азаяды. Өмірге ашулы, ызалы, өкпелі болады», - дейді маман.

Сондай-ақ мұндай жағдайдың жиілеуінен тағы бір себеп – қиын балалық шақ. 

«Көбіне тәрбиешілер өз отбасында қандай қарым-қатынаста болса, дәл соны өмірде басқа адамдармен құрады. Егер ол отбасында бала кезден ұрып-соғу, дөрекі сөйлеу норма болып есептелсе, балаға соны көрсетеді. Сондықтан осындай жақтарына мән беру керек. Тәрбиешілер «мені не ашуландырады, қандай сөзге немесе іс әрекетке ызам келеді?» деген сұрақты бірінші өзіне қойып, ішкі жан-күйін өзі білуі керек», - дейді Гүлжан Амангелдиева.

Психолог білім саласына келетін мамандарға талап қатаң болу керектігін айтты. Оның ішінде балабақша тәрбиешілері толық психологиялық тексерістен өту керек дейді маман.

«Өкінішке қарай бізде мемлекет тарапынан мұғалімдер нақты мынадай талаптардан өткеннен кейін ғана тәрбиеші немесе көмекші болып жұмысқа алынады деген талап жоқ. Қойылатын негізгі талап – білімі болуы керек, кей жұмыс орындарында тәжірибе сұрайды. Сондықтан білім саласына келетін адамдарды іріктеу қатал өту керек деп ойлаймын. Менің ойымша, ең маңыздысы – психологиялық іріктеу. Іріктеу дегенде оп-оңай тек бір тестпен емес тәрбиеші  бірнеше тесттен өтуі қажет. Тек дипломмен интеллектен бұрын адамның ішкі дүниесін зерттеген дұрыс. Тәрбиешілердің стреске төзімділігін анықтайтын әдістер толып жатыр. Тәрбиеші немесе мұғалім жұмысқа кірісер алдын психологқа баруы керек деп ойлаймын. Осы мақсатта мемлекет тарапынан арнайы қаражат бөлінуі қажет деген ойдамын. Сол кезде көп нәрсенің алдын алуға болады. Бізде жалпы алдын алу процесі өте жай жүреді. Мысалы Америкада ең кедей деген штаттардың бірі – Оңтүстік Каролинаның өзінде алдын алу процестері өте жоғарғы деңгейде жүреді. Білім ошақтарында зорлық-зомбылыққа жол бермеу керек», - дейді психолог Гүлжан Амангелдиева.