Экологтар Қаракөлге құйылып жатқан судан сынама алды
Әлеуметтік желілерде Қаракөл көліне қара түсті сұйықтық төгіліп жатқаны туралы видео тараған
Экологтар Қаракөлге құйылып жатқан судан сынама алды. Сұйықтықтың құрамы тиісті сараптамадан кейін белгілі болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy mangystaumedia-ға сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының өкілдері Ақтау қаласының өндірістік аймағында орналасқан, республикалық мәні бар Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қаумалының бөлігі Қаракөл көліне құйылып жатқан түсі қара белгісіз сұйықтықты байқап, фото және бейне таспасына түсіріп алған.
Орын алып отырған табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуы фактісін анықтап, тиісті шара қолдану үшін Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментіне жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырып, тексеру жұмыстарына тәуелсіз экологтар ретінде «EcoJer» қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшелерін қатыстыру туралы хат жолданды.
Экология департаменті мен Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының өкілдері және «EcoJer» экологиялық кеңесінің мүшелері Қаракөлге қара сұйықтық ағып жатқан жерге барып, сынама алып, тиісті актілер толтырды. Сұйықтықтың құрамы тиісті сараптамадан кейін белгілі болады.