Павлодарда жезөкшелікпен айналысқан әйелдер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қырғызстан, Украина азаматшалары анықталды

Фото: pavlodarnews.kz

Тәртіп сақшылары өңірде «Стоп-трафик» жедел-алдын алу іс шарасы аясында интимдік қызмет көрсеткен 11 әйелді анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Стоп-Трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде адамдарды мәжбүрлеп жұмысқа салу, ұрлау, бостандығынан заңсыз айыру фактілерін анықтау мақсатында ойын-сауық орындарын, монша кешендерін, сауналарды, қонақүйлерді, жалға берілетін пәтерлерді, шаруа және фермерлік қожалықтарын, ауыл шаруашылығы алқаптары және құрылыс объектілерін тексерді.

«Полиция қызметкерлері шара барысында Қырғыз Республикасының 34  жастағы және Украина Республикасының 29 жастағы азаматшаларының интимдік қызмет көрсетуі фактілерін анықтады. Оларға қатысты ҚР ӘҚБК 449-бабы 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды және профилактикалық әңгіме жүргізілді», -  хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Руслан Әуесхан.