Үй-жайдың жалпы ауданы – 350 шаршы метр
Желіде бұрынғы депутат Бекболат Тілеуханға тиесілі елордадағы элиталық аудандағы жеті бөлмелі пәтердің сатылып жатқаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі arbat.media-ға сілтеме жасап.
Қазір Түркияда тұрып, жұмыс істеп жүрген саясаткер Бекболат Тілеухан елорданың сол жағалауындағы қымбат пәтерді сатуды ұйғарған болуы мүмкін. Баспананың бағасы – 160 миллион теңге.
Krisha.kz сайтында жарнамаланған тұрғын үйдің суреттері әлеуметтік желілердегі саясаткердің жеке аккаунтындағы фотосуреттермен сәйкес келеді. Әсіресе кіреберістегі қабырға жабыны және бөлменің ішкі көрінісі дәстүрлі қазақ стилінде.
Бұрынғы депутаттың пәтерінде барлығы жеті бөлме, төрт жуынатын бөлме, үш гардероб, асхана, үш балкон және лоджиялар бар. Үй-жайдың жалпы ауданы – 350 шаршы метр. Пәтердің ерекшеліктері: есіктері брондалған, код құлпы бар және пәтердің биіктігі үш метр.
Бұған дейін өзінің әлі де қазақстандық екенін дәлелдеуге тырысқан, басы даудан арылмай келе жатқан экс-депутаттың неліктен Қазақстандағы жылжымайтын мүлкін сатпақ болғаны белгісіз. Жақында ол елорданың бұрынғы атауы – Астананы қайтаруға қарсы шыққан еді.