Павлодар облысына оңтүстіктен көшіп барған отбасылар кері қайтып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Аймаққа 2017 жылдан бері 3 мыңға таяу отбасы қоныс аударса, 151-і кері көшіп кеткен

фото: www.inform.kz

Павлодар облысына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстіктен қоныс аударған 151 отбасы кері қайтты. Қалғандары да қайтадан көшіп кетуді ойлап отыр. Айтуынша, оларға уәде етілген баспана да, жұмыс та болмаған. «Бізді ешкім құшақ жая қарсы алған жоқ» дейді. Бұл туралы  Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Кенжебек Тұрсынбайұлы Успен ауданына 2019 жылы көшіп келген. Мұндағы шенділер жұмысқа орналастырып, басына баспана береміз - деп уәдені үйіп төгіпті. Алайда, арада 3 жыл өтсе де, не жұмыс, не баспана жоқ екенін айтады.

«Қазір бізде үй жоқ. Бір балам ауданда оқиды. Онда көшіп барып алайық десек онда үй жоқ. Бізді қысап тұрған жұмыссыздық. Қыста қалай болады», - дейді Белоусовка ауылының тұрғыны Кенжебек Тұрсынбайұлы.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша аймаққа 2017 жылдан бері 3 мыңға таяу отбасы қоныс аударған. Алайда, оның 151 кері көшіп кеткен.

«Біздің ауыл бойынша 148 семья болған. 18 семья көшіп кетіп отыр. Бұл не себептен көшіп отыр десеңіз? Негізінде жұмыссыздықтан көшіп отыр. Жері жоқ», - деді Белоусовка ауылының тұрғыны Күнболат Зауытұлы.

Оңтүстіктен келгендер жұмыс болмағандықтан мал ұстап, күн көруді көздеген. Алайда, ол да қиын болып тұр, төрт түлік жаятын жер жоқ.

«Мал шаруашылықпен айналысайық десек, жеріміз тар. Мал бағайық десек егін айдап тастаған. Ол егінге түсіп кетсе, оның зардабы одан қиын болып жатыр», - деді Белоусовка ауылының тұрғыны Қуандық Нүсіпханұлы.

 Мұның бәрін жергілікті билік өкілдері біледі. Бірақ, «көмектесіп жатырмыз» дегеннен басқа ештеңе айтпады.

«Бәрі бірден бола бермейді. Кейбіреуі әлі үй алмаған шығар. Бірақ, көмегімізді қолдан келгенше жасап жатырмыз. Кейбіреуі келіп, үй алып, мал ұстап жатыр. Сондықтан бәрі бірдей бола бермейді. Көшіп келген ағайындарымызға қолдан келгенше көмек жасап жатырмыз»,- деді Успен ауылы әкімінің орынбасары Ерлан Айтмұқышев.

Ал тұрғындар мұнымен келіспейді. Ешқандай көмек болмағанын айтады. Сондықтан біздің де кері қайтудан басқа амалымыз жоқ дейді.