Қостанай облысында өртенген үйлердің орнына жаңа баспана тұрғызу жұмыстары басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғын үй құрылысына 2,3 млрд теңге бөлінді

фото: stylemaster.com.ua

Қостанай облысында өртенген үйлердің орнына жаңа баспана тұрғызу жұмыстары басталды. Бұл туралы Azattyq Ruhy Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды алғашқы күннен бастап жеке бақылауына алды. Тіпті, өңірге арнайы жұмыс сапарымен келіп, өртті ауыздықтап, зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету бойынша Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. Нәтижесінде өрт қаупі тез сейіліп, 7 қыркүйек күні өңірдегі жағдай толық тұрақтанды. Келесі кезекте – бүлінген дүниені қалпына келтіріп, тұрғындарды үйреншікті өміріне қайтару міндеті тұрды. Бұл орайда, Мемлекет басшысы қабылдаған жедел шешімдер нәтижесінде тұрғын үй құрылысына 2,3 млрд. теңге қаражат бөлінді. Еліміздің құрылыс компаниялары үйлердің құрылысына кірісіп кетті», - деп жазды аймақ басшы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мемлекетпен қатар, отандық ірі кәсіпорындар, банктер мен қайырымдылық қорлары да ортақ іске ат салысып, өз қаражаттарына бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысын бастады.

Өрттен зардап шеккендерге қол ұшын созып, гуманитарлық көмек жіберуге ат салысқан халықтың ықыласында шек жоқ. Облыстың ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар тиелген жүк көліктері келіп жатыр. Арнайы ашылған «Қайырымдылық.KZ» қорына қазірдің өзінде 700 млн. теңгеден артық қаражат түскен.