Республиканың басым бөлігінде қар жауып, көктайғақ болады
11 ақпан, сейсенбі күні республиканың басым бөлігінде қар жауып, көктайғақ болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ге сілтеме жасап.
Синоптиктер еліміз бойынша атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты кей өңірлерде қар жауатынын айтады.
«Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады, түнде кей аумақта қалың қар жауады. Сондай-ақ, кей жерлерде жел күшейіп, бұрқасын, көктайғақ болып, тұман түсуі ықтимал. Ал батыс, оңтүстік-батыс аймақтар антициклон ықпалында болғандықтан, ол жақта күн ашық болады», – делінген хабарламада.
Шығыс Қазақстан облысында жел 15-20 м/с күшейеді, кей жерлерде жаяу бұрқасын соғады, тұман, көктайғақ күтіледі.
Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болады, Жамбыл, Түркістан облыстарында жел 15-20 м/с күшейеді.
Ақмола облысының кей аумағында тұман, бұрқасын болып, жел жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысының кей тұсында қарлы боран соғады, күндіз кей жерлерде жел жылдамдығы 15-20 м/с күшейеді.
Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман түседі.