Абайдағы өрт: күйік шалған өрт сөндірушілердің бірінің жағдайы ауыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр

Фото ашық дереккөзден

Абай облысында күйік жарақатын алған екі өрт сөндірушінің бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімдіктің хабарлауынша, Жарма ауданы Бозжыра ауылдық округінде дала өртін сөндіру кезінде денесін күйік шалған екі өрт сөндіруші қазір ауруханада жатыр.

«№22 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Амангелді Тұрлыбеков шұғыл түрде республикалық медициналық авиациямен Семей қаласының жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан азаматтың жағдайы ауыр», - делінген хабарламада.

Ал аталған бөлімнің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғаудың қатардағы қызметкері Нұрлан Сәлімжанның қолын термиялық күйік шалған.

«Ол Жарма ауданы Шар қаласындағы ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, толық ақпарат жиналып жатыр», - делінген әкімдік хабарламасында.

Бұған дейін Абай облысында 3 өрт сөндірушіні күйік шалып, олардың бірі көз жұмғанын хабарланған болатын.