Әулиекөл ауданында 700-ден астам отбасы азық-түлік және бірінші кезекте қажетті заттар алды
Азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізу, үйінділерді аршу және аумақты тазалау. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатында Әулиекөл ауданындағы еріктілердің немен айналысып жатқаны туралы айтылды. Бұл туралы Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Партияның Қостанай облыстық филиалының ақпараты бойынша, 5 күнде аманаттықтар Аманқарағай, Озерное және Басаман ауылдарында зардап шеккен 731 отбасына бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік жеткізді. Жалпы алғанда 270 тонна гуманитарлық көмек таратылды. Бұл жұмыстың барлығын еріктілер атқаруда. «Жастар Рухы» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешевтің айтуынша, волонтер болу – қоғамға пайда әкелу деген сөз.
«Көп адам жалақы төленбейтін жұмысқа жаныңды салып кірісудің не керегі бар деп ойлайды. Өмірде бәрі ақшамен өлшенбейді. Мұнда ересектер мен балалардың жүзінен қарапайым ризашылықты байқаймын», – деді ол.
Алайда, мұндай жұмысты ұйымдастыру оңай емес. Жүйелі жұмыс тәртібін қалыптастыру қажет. Міне, осы мақсатта Мақтаарал аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаты Сүндет Кенжебаев Әулиекөл ауданына волонтер ретінде келді.
«Ауданымызда су тасқыны болған кезде еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер жиналды. Сол тұста үйлестірушілердің бірі болдым. Себебі мұндай жағдайда гуманитарлық көмектен бөлек, адами ресурсты тиімді пайдалану маңызды. Осы тәжірибені қостанайлықтармен бөлісіп жатырмыз», – деді ол.
Жақынына көмекке ұмтылған адам қауіп-қатер туралы ойлабайды дейді Алдияр Жұмабай есімді волонтер. Соның дәлелі – Қостанай облысындағы табиғи өрт.
«Зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқанымызға бірнеше күннің жүзі болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүк көліктері келіп жатыр. Онда тиелген заттарды түсіріп жүрміз. Бір оқиға мені ерекше таңқалдырды. Көршілері бір әженің үйі сөндіреміз деп жүргенде, өз баспаналары өртеніп кетіпті. Қарияның үйі дін-аман. Отандастарымыз өзін ұмытса ұмытатын шығар, бірақ өзгенің басына түскен қиыншылыққа бей-жай қарап отыра алмайды», – дейді Алдияр.
Ал «Жастар Рухының» белсендісі Жайна Әлімова болса, волонтер болу әйел затына жат деген түсінікті жоққа шығарып жүр.
«Әрине, 50 келі тартатын бір қап ұнды көтере алмаймын. Алайда қыздар сұрыптауға көмектесіп жүр. Себебі азық-түлікті, тауарларды біркелкі тарату керек. Сондай-ақ гуманитарлық көмектің жалпы есебін жүргіземіз. Тәулік бойы осындамыз. Осы жерде түнейміз», – деді ол.
Қалпына келтіру жұмысына Түркістан облысының волонтерлері де қосылды.
«Арыс пен Мақтааралдағы оқиғалар кезінде зардап шеккен адамдарға көмектестік. Сол кезде облысымызға еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер келіп, қалпына келтіру жұмысына атсалысты. Бірінші кезекте қажетті азық-түлік жіберді. Табиғи өрт туралы естіген кезде волонтерлер тобына қосылу үшін бірден «Жастар Рухымен» байланысқа шықтым. Жағдайды өз көзіммен көріп, зардап шеккен адамдармен жүздескен соң, «Қостанайлықтар – біз сіздермен біргеміз!», дегім келеді», – деп атап өтті Олжас Мамыр есімді белсенді.
Бұған дейін Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының депутаттары Динара Зәкиева, Аманжол Әлтай және партия Хатшысы Ринат Кертаев Қостанай облысында өрттен зардап шеккендердің жағдайын сұрап барып, өрт сөндіруге жұмылдырылған қызметкерлерімен жүздескен болатын.
Сондай-ақ, Аманқарағай, Лесное және Новонежинка ауылдарының балаларына партияның жыл сайынғы «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы аясында мектеп формасы, оқулықтар, рюкзактар және кеңсе тауарлары бар жиынтықтар табысталды.
Еске сала кетейік, аманаттықтар зардап шеккендерге 1200 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Партия филиалдары жанындағы гуманитарлық көмек жинау пункттері еліміздің барлық 20 өңірінде жұмыс істейді. «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының ұжымы да зардап шеккендерге көмек көрсету қорына біркүндік жалақысын аударды.