Басты талап – елдімекен экологиясына залал келтіргендерді жауапқа тарту
Ауыл іргесіндегі қоқыс басқан жазықтың күлімсі иісі эпидемияға әкелуі мүмкін. Осылай деп Алматы облысындағы Талғар ауданының экологтары дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
«Қазірдің өзінде түрлі тері ауруларына шалдығып отырмыз» деген тұрғындар да уәжін айтты. Басты талап – елді мекен экологиясына залал келтіргендерді жауапқа тарту. Тартып қана қоймай, кәсібін тоқтату.
Алматы облысы Талғар ауданының аумағындағы бұл жазық қазір күл-қоқыс төгетін орынға ғана емес, өлексе жеуге құмар қарға мен егеуқұйрықтың мекеніне айналған. Ал оның зардабы жақын маңдағы қарапайым жұртқа тиіп отыр. Сол себепті ауыл тұрғындары бүгін бас қосып, қоқыс басқан мына бір алқаптың алдына жиналды.
«Біз демала алмаймыз. Шаң. Егеуқұйрық үйдің алдында жүреді. Міне, құстарды да көріп жатырмыз. Біз жарты сағат болды тұрғалы шыбын талап тастады», – деді Кеңдала ауылдық округінің тұрғыны Жанар Аймұқанова.
«Су қорғау аймағы» дейді мына жерді. Қай жері?! Үлкен каналдың іші толып жатқан қоқыс. Бар. Ауылдың бәрі осыған түседі. Балалар осы каналға шомылады. Оны тоқтата алмайсың. Жара болса шығып жатыр. Көбінде аллергия. Білмейміз. Сол судан ба, әлде мусордан ба?!», – деді Кеңдала ауылдық округінің тұрғыны Өнербай Тойшыманов.
Тонналап жатқан қоқыс мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Халық бұған дейін де жиналып, жергілікті билікке уәжін айтқан. Қайыр болмаған соң, тұрғындар кәсіпорын қызметкерлерімен бұл жолы бетпе-бет сөйлескісі келді. Ал экологтардың айтуынша, негізі бұл жер о баста қоқыс үйетін емес, керісінше оны өндейтін орын болуы керек болған.
«Үйілген қоқыс адам өміріне ғана емес, жалпы экологияға кесірін тигізіп жатыр. Егістікті суаратын арықтар да былғанды. Қоқыс жеп семірген құстар мен егейқұйрық, шыбынның өзі жұқпалы ауру тасиды. Салдарынан жұрт арасында эпидемия жүру қаупі бар», – деді Талғар аудандық экологиялық кеңестің төрағасы Мирас Байсейітов.
Жерді жалға алғандар болса экологтардың айтқанына наразы. Тіпті, оларға түрлі айып тағып, кезінде учаскені бөліп берген әкімдікті де кінәлады. Қоқысты қайта өңдеу зауытын ашқысы келген кәсіпкердің заңгері құжаттың барын да айтты.
«Жердің өзі 30 соток болғаннан кейін біз де міндеттерімізді орындай алмай отырмыз. Коммуникацияның жоғына, жер көлемінің аздығына байланысты орындай алмадық. Біз қоқыс қалдығын қабылдауға мәжбүр болдық. Өйткені өзге қоқыс таситын организациялармен келісім-шарт бар. Сол құқықбұзушылықтар болған кезде, бізге айыппұл да салынды», – деді кәсіпкердің заңгері Асылбек Қараев.
Полигонға қоқыс жинау жұмыстары бір кездері 3 айға тоқтаған екен. Бірақ бүгінде қалпына келгендей. Жүк көліктері мұнда тиеліп кіріп, бос күйде шығып жатыр. Маңдағы жұрт оған да ашулы. Айта кетсек, кәсіпкерлерге жерді 4 жыл бұрын жергілікті билік берген. Ал жауыр болған мәселенің шешімі арнайы комиссияның тексеру жұмысынан кейін белгілі болмақ.