Оның айтуынша сот қате шешім шығарып, үйінен айырылып қалған
Мемлекет басшысына жалған құжат салдарынан үйінен айырылып қалғанын айтқан қостанайлықтың мәселесіне қатысты Қостанай облыстық соты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Осыған дейін Қостанай облысының тұрғыны Шарафутдинов Мемлекет басшысына әкімдік жалған құжат жасағанын, соның салдарынан сот қате шешім шығарып, үйінен айырылып қалғанын айтқан еді.
Қостанай облысының облыстық соты аталған оқиғаны былай түсіндірді:
«Негізінен 90 ш.м. үй В.Маливецке тиесілі болған. Оның Е.Шарафутдинова және Л.Бережецкая есімді екі қызы бар. 1984 жылы Маливец бұл үйді үлкен қызы Бережецкаяға сыйға тарту шарты бойынша берген.
Бірақ Бережецкая 1976 жылдан бастап Ресей Федерациясында тұрады. Сотта ол әпкесіне үйде тұруға рұқсат бергенін растады, бірақ 1991 жылы сот арқылы оны шығару туралы арыз түсірген және соттың шешімі шыққан.
2003 жылы Маливец қайтыс болады. 2019 жылы Е. Шарафутдинова әпкесі Л. Бережецкаяның үстінен арыз түсірді. Яғни үйді өз меншігіне өткізуді талап етткен. Кейін ол арызын қайтарып алды», - деп мәлімдеді Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
2020 жылы Л.Бережецкая үйді Айқадамова есімді азаматшаға 3,5 миллион теңгеге сатқан. Бірақ Е.Шарафутдинова баспананың жаңа иесін үйге кіргізбеген. Сатып алушы тиісінше сотқа жүгінген.
«Сот оқиға орнына бара отырып, Шарафутдиновтар даулы үйде тұрмайтынын, басқа мекенжайға тіркелгенін анықтады. Үй ұзақ уақыт бос, қараусыз қалған күйде. Бұл фотосуреттермен, көршілердің айғақтарымен, учаскелік инспектордың баяндамасымен және сот приставының актісімен расталыпты.
Облыстық сот Айқадамованың талап-арызын қанағаттандырып, Шарафутдиновтерді қуып шығарған. Шарафутдинова сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюдан бас тартқан», - деп түсіндірді.
Бұл сот шешімі 2021 жылдың сәуірінде апелляция күшінде қалды.
Шарафутдинова бұл сот актілеріне 10 айдан кейін ғана қарсы шықты. Яғни ол шағым беру мерзімін өткізіп алған. Заң бойынша белгіленген мерзімнен 4 ай өткен соң ғана кассацияға жүгінген. Осыған байланысты Жоғарғы Сот Шарафутдинованың сот актілерін қайта қарау туралы өтінішін қайтарды.
«Бұған дейін құқық қорғау органдары алаяқтық іс-әрекеттер және құжаттарды қолдан жасау дерегі бойынша арыз түсірген адамның ісін мұқият тексерген болатын. Бірақ дәлелдердің расталмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», - делінген хабарламада.