Республиканың басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады
Синоптиктер 5 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты еліміздің батыс жартысында, солтүстігінде және оңтүстік-шығыс таулы аймақтарында найзағай ойнап, жаңбыр жауады. ҚР қалған бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республиканың батысы, солтүстігі, оңтүстігі мен таулы аудандарында жел күшейіп, оңтүстікте шаңды дауыл тұрады», - делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Жетісу облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан, Абай, Қостанай облыстарының оңтүстігінде, Қарағанды, Ұлытау облыстарының оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады, ал Абай облысының шығысында төтенше өрт қаупі күтіледі. Қостанай облысының басым бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Күндіз Жетісу, Ұлытау, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды, Қостанай облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, батысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, шығысында қатты ыстық сақталады.