$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Өртті сөндіруге судың тапшылығы кедергі келтіруде – құтқарушы

Өрт аумағы 40 мың гектарға жетті

Өртті сөндіруге судың тапшылығы кедергі келтіруде – құтқарушы

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнына Нұрсұлтан қаласы, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына 200-ге тарта өрт сөндіруші жіберілді. Олардың айтуынша Аманқарағай станциясында судың тапшылығы жұмысқа кедергі келтіруде.  Себебі елді мекен өртке қарсы гидранттармен жарақталмаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ӨРТ БӘСЕҢДЕП КЕЛЕДІ

ҚР ТЖМ жедел штабының мәліметінше Қостанай облысындағы алапат өртті сөндіруге 91 бірлік техника, 3 әуе кемесі, 5 өрт пойызы, жеке құрамның 600 адамы жұмылдырылды.

Су ағызу құрылғылары үшін тіршілік нәрі 25 шақырым қашықтықта орналасқан табиғи су қоймасынан тасымалдануда. Өртті сөндіру үшін 21 рет су шашылды.

«Кеше түннен бері Аманқарағай станциясында жұмыс істеп жатырмыз. Тұрғын үйлерден газ баллондарын эвакуацияладық. Қостанайлық әріптестерге көмек көрсетілуде. Қатты жел мен судың тапшылығы жұмысты күрделендіріп жіберді», - дейді СҚО ТЖД Өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстарын кызметі бастығының орынбасары Марат Сыздықов.

Аманқарағай ауылындағы әкімшілік ғимарат және Лесное ауылындағы мұнай базасының аумағындағы өрт сөндірілді. От бензин тиелген резервуарлар мен дизель отындарына көшкен жоқ.Аманқарағай және Озерное ауылдарындағы қызыл жалын оқшауланды, қазіргі уақытта жеке ошақтарды сөндіру жұмыстары жүргізілуде.

«Менің үйім жанып кетті. Петропавл қаласынан келген өрт сөндірушілер әкемнің үйін аман алып қалды. Оларға алғысым шексіз. Бастысы адамдар аман болсын»,  - дейді Аманқарағай станциясының тұрғыны Виталий Добровольский.

10 АДАМ ЖАРАҚАТ АЛДЫ

Тұрғындар мен өрт сөндіруге қатысушылар арасында 1 адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат бар. ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше жарақат алған 10 адам тіркелі. Кәмелетке толмаған жасөспірімді қоса алғанда, 1 орман шаруашылығының қызметкері, 1 әкімдік қызметкері, 3 ТЖМ қызметкері жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат, күйік алып, уланды. Олардың төртеуі орталық аудандық ауруханада жатыр. Дәрігерлер оларға тиісті медициналық көмек көрсетуде. 6 адам тексеріліп, жәрдем жасалғаннан кейін үйлеріне жіберілді.

Жағдайдың жақсаруына байланысты республикалық маңызы бар автожолдағы қозғалыс және темір жол көліктерінің қозғалысы толық көлемде қайта жанданды (№82, 43, 51, 37, 622 поездар, барлығы-908 жолаушы).

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша бүгін қыркүйекте Қостанай облысының Әулиекөл ауданында жоғары температура 28 градусқа дейін жетіп, желдің жылдамдығы секундына 9 метрге дейін сақталады. Табиғаттың бұл мінезі жағдайды күрделендіріп тұр.

ӨРТ АУМАҒЫ 9400 ГЕКТАРДАН АСТЫ

3 қыркүйек күні метеорологиялық жағдайдың күрделенді. Ауа температурасының 36 градусқа жетіп, желдің жылдамдығы 23 метрге дейін көтерілді. Салдарынан от тез жайылып, өрт аумағы 40 мың гектарға жетті. Әулиекөл ауданындағы орман алқабының жалпы ауданы 40 000 гектар.

Қазір қызыл жалынның екпіні біршама төмендеді. Дегенмен қауіп әлі де сейілген жоқ. Аманқарағай, Новонежинка, Калинино, Лесное, Озерное елді мекендері өрт аймағында тұр.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Озерное ауылынан 250 адам және Аманқарағай ауылынан солтүстік бөлігінен1000 адам, Калинино ауылынан 228 адам, Лесное ауылынан 363 адам, жалпы саны 1841 адам эвакуацияланып, қауіпсіз жерлерге көшірілді. Жергілікті атқарушы органдар эвакуацияланған адамдарды Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастырды. Олар алғашқы керек-жарақ заттармен қамтылды. Торғай ауданында жоспарланған Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы тоқтатылды. Мерекелік шараға алынған азық-түлік өрт аймағындағы тұрғындарға жеткізілуде.

108 НЫСАН ЖАНЫП КЕТТІ

ТЖ министрлігі мен ТЖ департаментінде жедел желі ашылды, психологтарының жұмысы ұйымдастырылды. Олар көмекке мұқтаж тұрғындарға қол ұшын береді. Қостанай облысының әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды жариялау мәселесін пысықтауда.

3 қыркүйек сағат 16.00-ден бастап Озерное ауылында 8 тұрғын үй, 1 әкімшілік ғимарат, Лесное ауылында 1 тұрғын үй, Аманқарағай станциясында 98 тұрғын үй және шаруашылық құрылыстар жанып, Аманқарағай мұнай базасының аумағына өрттің көшуі тіркелді.

Қазіргі уақытта өрт 108 құрылысты жойып, зақымдады. Бүгін Қостанай облысына Нұр-сұлтан қаласының ТЖД жеке құрамынан 15 автоцистерна, 2 вахтовка, 1 қызметтік автомобиль, 98 жеке құрам, сондай-ақ Алматы қаласынан суағызу құрылғылары бар ТЖМ-нің 2 тікұшағы қосымша күштер мен құралдар жөнелтілмек.

Жағдайға нақты баға беру үшін әуеден барлау жүргізілуде. Әуе барлауының қорытындысы бойынша күштер мен құралдар орман алқабындағы өрт ошақтарын сөндіруге және елдімекендерді қорғауға бағытталатын болады.

«Аэроғарыш түсірілім жасап жатыр. Нақты картина содан кейін белгілі болады. Арнайы комиссия жұмыс істеуде. Тұрғындардың барлығына тиісті көмек көрсетіліп жатыр», - деді ҚЖ ТЖ министрі Юрий Ильин.

Серіктес жаңалықтары