Ол бүгінге дейін Ертіс ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов аудан активіне жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл лауазымға бұған дейін Ертіс ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Болатбек Шәріпов келді.
49 жастағы Болатбек Шәріпов Павлодар облысы Ертіс ауданының тумасы. Еңбек жолын 1992 жылы Павлодар мемлекеттік облыстық тәжірибе станциясында бастаған. Ұзақ жылдар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды. 2008 жылдан 2012 жылға дейін Қызылжар ауылдық округі мен Ертіс ауылының әкімі қызметін атқарды.
Әбілқайыр Сқақов жаңа әкімді аудан активіне таныстыра отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар міндеттер қойды. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың жұмыс сапасы, жылыту маусымына дайындық және ауыл шаруашылығы саласын дамыту шаралары бар.