Қасым-Жомарт Тоқаев қанша мерзімге президент болып сайлана алады

Автор: Azattyq Rýhy

Вице-министр бұл бірқатар факторға байланысты мәселе екенін түсіндірді

Фото: ашық дереккөзден

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова «Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жылдық президенттік мерзімге сайлана ала ма?» деген сұраққа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Вице-министр бұл бірқатар факторға байланысты мәселе екенін түсіндіріп өтті.

«Біріншіден, бұл тиісті заң жобасының президенттік сайлау күніне дейін енгізілетініне және ол сайлауға дейін немесе кейін қабылданатынына, сондай-ақ заң жобасында көрсетілген нормалардың күшіне ену мерзіміне де  байланысты болмақ», - деді ол Мәжіліс алаңында.

Вице-министр осы мәселе бойынша ықтимал механизмдерді ұсынды.

«Мәселен, тиісті заң жобасы қыркүйекте Парламентке ұсынылып, қазан айында қабылданып, сайлау қарашаға белгіленсе және заңда оның қол қойылған күнінен бастап күшіне енетіні туралы нормалар болса, онда жаңа президент сайланғаннан кейін ол Конституцияның жаңа баптарын – 7 жыл және бір ре т– басшылыққа алады», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, бұл шараларды жүзеге асыру үшін Конституцияға түзетулер енгізу қажет.

«Бұл ұсыныстар Конституцияға өзгерістер енгізуді талап етеді, себебі Конституцияның Президент туралы бөлімінде өкілеттік мерзімі бес жыл деп белгіленген. Сондай-ақ екі реттен артық емес сайлануға болатыны туралы жеке бап бар. Бұл екі нормаға тиісті өзгерістер енгізілуі тиіс... Екі нұсқа бар. Біріншісі – республикалық референдумға шығару, екіншісі – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын тікелей Парламентке беру», - деді Алма Мұқанова.