Ана мен баланы қолдау шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында қарастырылады
Қазақстанда бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер мерзімі ұлғайтылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысының осы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері ұлғайтылады. Ана мен баланы қолдаудың осы және басқа да шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында қарастырылады.
Әлеуметтік кодекс жобасында қолданыстағы мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер толық сақталғанын атап өту қажет. Сонымен қатар, құжатта балалы отбасыларды мемлекеттік деңгейде әлеуметтік қолдауды жақсартатын келесі нормалар қарастырылған:
«Біріншіден, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылатын болады», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Бұл ретте, МӘСҚ-тен төлем алушы жұмысқа ерте шыққан жағдайда, оның мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталатын болады.
Жұмыс берушілердің олардың қызметкерлері үшін МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің мөлшері өзгеріссіз қалатынын атап өту қажет.
«Екіншіден, бала туылғанға дейінгі соңғы 2 жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-аналар жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын болады.
Үшіншіден, әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері сараланатын болады. Мәселен, «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылады», - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда 6 және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей жәрдемақы алады.
Тақырыпқа орай: Ұлттық қор қаражаты кәмелетке толмаған балаларға беріледі
Бұл ретте 6 немесе 7-ден көп бала туып, тәрбиелеген көпбалалы аналарға құрмет ретінде наградталған аналар мәртебесі белгіленетін болады.
«Төртіншіден, мүгедектігі бар балалар үшін қызмет көрсетумен айналысатын жеке көмекшілерге зейнетақы тағайындау кезіндегі жұмыс өтіліне қосу мақсатында 2023 жылдан бастап зейнетақы жарналары жүзеге асырылатын болады.
Бесіншіден, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасыларға азық-түлік жиынтығын өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беру мақсатында АӘК алушылар қатарындағы балаларға қосымша төлем белгілеу арқылы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау жүзеге асырылатын болады», - делінген хабарламада.
Қазақстанда бүгінгі таңда балалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылған, оған мемлекеттік жәрдемақылар жүйесі, МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, салық салу кезіндегі жеңілдіктер және азаматтар өмірінің барлық кезеңдерінде әлеуметтік қорғаудың басқа да шаралары кіретінін естеріңізге сала кетейік.
Тақырыпқа орай: Әр бала 18 жасқа толғанша есепшотында кемі 3 мың доллар жиналады – Руслан Желдібай
Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді және МӘСҚ-тен жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді, бала тууына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақыны, мемлекеттік бюджеттен жұмыс істемейтін әйелдер үшін және МӘСҚ-тен жұмыс істейтін әйелдер үшін жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға отбасының табысы есепке алынбай төленетін жәрдемақыны қамтиды.
Сондай-ақ, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген.