Полиция қызметкеріне 50 мың теңге пара ұсынған елордалық 562 мың теңге айыппұл төлейді

Автор: Azattyq Rýhy

Нұр-Сұлтан қаласы сотында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа қатысты іске үкім шықты

фото: astana.sud.kz

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының № 2 аудандық соты полиция қызметкеріне 50 мың теңге пара ұсынған елордалық азаматқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қала тұрғыны мас күйінде көлік құралын жүргізуіне байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін Нұр-Сұлтан қаласы ПД Патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне 50 000 теңге пара ұсынған.

«Сараптама қорытындысымен және қылмыстық іс материалдарымен сотталушының кінәсі дәлелденді. Іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының жасаған әрекеті үшін өкінгені және жас балаларының болуы ескерілді. Сот жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғам үшін қауіптілігін, жасалған қылмыстың сипаты мен ауырлығын, кінәні ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сотталушыға айыппұл түрінде жаза тағайындады», - деп көрсетті қалалық соттың баспасөз қызметі.

Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24 - бабы 3-бөлігі, 367-бабы 1-бөлігі бойынша пара сомасының 11,25 есе мөлшерінде, яғни мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, 562 500 теңге айыппұл төлеуге үкім шығарды.

Үкім заңды күшіне енді.