Отбасы банкіндегі балалар депозитінде жинақталған ең жоғары сома 10 миллион теңгеге тең

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде ұл-қызының атына шот ашқан ата-аналардың саны 220 000 жеткен

Отбасы банкінде («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) балалар депозиттеріне сұраныс жыл сайын артып келеді. Бүгінде ұл-қызының атына шот ашқан ата-аналардың саны 220 000 жеткен. Осылайша кәмелеттік жасқа толмаған қазақстандықтардың салымдарында шамамен 50 млрд теңге жиналған. Бұл туралы Azattyq Ruhy банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл сайын оқушылар мектепке баратын күз мезгілінде жаңадан ашылған балалар депозиттерінің саны күрт артады. Сондықтан да 7 мен 18 жас аралығындағы балалардың атына ашылған шоттардың үлесі басым. Барлығы 170 000 депозит осы жас тобындағы клиенттерге рәсімделген. Екінші орында жалпы саны 47 000 депозиті бар 1-7 жас аралығындағы салымшылар тұр. Үшінші орын банктің ең кішкентай клиенттері – 1 жасқа дейінгі балалардың еншісінде. Олардың атына барлығы 1 831 салым ашылған.

Баласының болашағына ертеректен инвестиция құйған ата-аналардың дені – Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тұрады. Ірі шаһарларымыздың үлесіне балалар депозитінің 30 пайызы тиесілі.

Жас азаматтардың атына ашылған салымдардың ішіндегі жинақталған ең жоғарғы сома – 10 млн теңгеге тең.

18 жасқа толмаған балаларға арналған депозиттер бойынша шарттар қалыпты. Оларға жыл сайын 2% банк сыйақысы мен 20% мемлекеттік сыйлықақы (200 АЕК-тен аспайтын сома үшін) қосылып отырады. Барлығын қоса есептегенде, депозит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14% дейін болады. 18 жасқа толған уақыттан бастап банктің кішкентай салымшылары бұдан да қомақты бонусқа қол жеткізеді. Олар жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй заемына өтініш бере алады.

Балаға ашылған депозит оның болашақ баспанасы үшін дербес жинақ құралы бола алады, сондай-ақ «Отбасылық пакеттің» бір бөлігін де құрай алады. Соңғысы – отбасы мүшелерінің жинақтарынан түсетін кірісті арттырып, жеке пәтер не үй сатып алу үшін тұрғын үй заемын алу мерзімін жылдамдатады.

Сондай-ақ банкте балаларға арналған өзге өнім – «Арнау» депозиті де бар. Оның шарттарына сәйкес, тұрғын үй құнының 50% кем дегенде 10 жыл ішінде жинақтау қажет. Депозитке жинақтау кезінде банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақы да аударылып отырады. Бұл ретте жинақтау кезеңінің соңында несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі небәрі жылдық 2 пайызды құрайтын болады. Қазір банкте 23 673 «Арнау» депозиті бар.

Егер қазір бірінші сынып оқушысына депозит ашып, оған ай сайын белгілі бір сома аударып отырылса, мектеп бітіргенше пәтер құнының жарты ақшасы жиналып қалады. Жетпеген соманы банктен екі пайызбен несиеге береді. Мысалы, құны 15 млн теңгелік тұрғын үй несиесі бойынша ай сайынғы төлем 56 мың теңгені құрайтын  болады.

Балалар салымдары бойынша мысал

Шарттары

Отбасылық пакет (анасының және баласының депозиті)

"Арнау" депозиті

Жинақтау уақыты

10 жыл

10 жыл

Келісім сомасы

15 млн

15 млн

Жинақ көлемі

Отбасы (анасы мен баласы)

Бала

Ай сайынғы аударым

28 500

28 500

57 000

Мемлекеттік сыйлықақы

769 350

769 350

1 225 200

Жинақ

4 616 100

4 616 100

8 802 829

Жалпы жинақ көлемі

9 232 200

8 896 366

Заем сомасы

5 767 800

6 103 634

Несие мөлшерлемесі

3,5%

2%

Несие мерзімі

10 жыл

10 жыл

Ай сайынғы төлем

57 035

56 161

Артық төлем

1 076 446

635 763

 

Ұл-қыздарыңызға арналған депозитті кез келген уақытта және ыңғайлы жерде, тіпті перзентханада да ашуға болады. Ол үшін банк кеңесшісіне қоңырау шалу немесе телефон арқылы бейне кеңесшіге хабарласу қажет. Ата-аналардың бірінде баланың жеке куәлігі мен туу туралы куәлігі болуы керек.

14 жасқа дейін балалар үшін депозиттерді ата-аналары ашады. 14 жастан бастап Отбасы банкінде шотты баланың өзі ашады, бірақ анасының, әкесінің немесе қамқоршысының келісімімен.