Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты
2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады. Бұл ретте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешілмек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
«Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» ,-деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құруда мектеп мұғалімдері шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді. Соңғы жылдары бұл мамандықтың тартымдылығын арттыру үшін мемлекет көп жұмыс жасады.
«Алайда, бұл бағытта әлі де оң өзгерістер қажет. Алда педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдау және педагог құзыреттілігінің шеңберін әзірлеу міндеті тұр. Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл және ағылшын тілі пәндерін оқытуды күшейту маңызды», - деді Президент өз Жолдауында.