Петропавлда құрылыс алаңында жұмысшы қайтыс болды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Екі адам ауруханада жатыр

фото: Polisia.kz

Петропавлда 20 жастағы жұмысшы құрылыс нысанында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

31 тамыз күні Петропавл қаласында құрылыс нысанының жанындағы су құбыры құдықтарын тазарту кезінде 1994, 2002 және 2004 жылдары туған үш жұмысшы будан уланып қалған. Олардың бірі, 20 жастағы жігіт, сол жерде қайтыс болды. Қалған екі адам медициналық мекемеге жатқызылды.

«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Сараптама тағайындалды»,- делінген СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Істің мән-жайларын зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті іс жүргізу шешімі қабылданатын болады. Сондай-ақ жұмыстарды орындау кезінде өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша мердігер ұйымдардың кінәсі анықталады.

«Науқастардың бірінің жағдайы тұрақты, екіншісі ауыр. Ес-түссіз жатыр. Дәрігерлер тиісті көмекті көрсетуде. Мамандардың айтуынша олардың жағдайына қатысты қандай да бір болжам жасауға ерте», - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.

Қазақстанда өндірістік жарақат салдарынан болған өлім үшін жұмыс беруші жауапқа тартылады. Арнайы комиссия құрылып, іс жан-жақты тергелуі шарт. Ол кемінде 3 адамнан тұруы керек. Яғни комиссия құрамында кәсіпорын басшылығы, еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекция, еңбекті қорғау, дәрігер, құқық қорғау органдары прокуратура қызметкері болуы керек. Комиссия куәгерлердің айғақтары бойынша қорытынды шығаруы тиіс. Егер қауіпсіздік техникасы бұзылса, онда марқұмның туған-туыстары үшін өтемақы алу мүмкіндігі азаяды.