Сонымен қатар балалардың 14,9%-ның омыртқасы қисайған
Павлодар облысында оқушыларды тереңдетілген медициналық тексеруден өткізу нәтижесінде мектеп жасындағы балалардың көру мүмкіндігі нашарлағаны анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқушылардың 40,2%-ы көзі нашар көреді. Сонымен қатар балалардың 14,9% – сколиоз және 12,8% жүйке жүйесінің паталогиясы анықталды.
«Көбінесе 5-9 сынып оқушыларына көру қабілеті төмендеген. Жоғары сынып оқушылары анти-рейтингте екінші орында, бастауыш сынып оқушыларының арасында көз проблемалары азырақ», - деп көрсетті СЭБК баспасөз қызметі.
Мамандар бұл мәселені балалардың ерте жастан гаджеттер қолдануымен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша, ата-аналар ауруды асқынған кезеңде және көру өткірлігінің қайтымсыз төмендеу қаупі бар болғанда ғана байқай бастайды.