Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы авиаотынды әртүрлі бағаға сатқан

Автор: Azattyq Rýhy

Елорда шекарасында авиациялық отынды бөлшек саудада өткізу нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілді

фото: inbusiness.kz

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ авиаотынды сату кезінде әртүрлі баға белгілеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Авиациялық отынды бөлшек саудада өткізу нарығына жасалған талдау қорытындысы бойынша «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ бірдей келісімдерге әртүрлі баға белгілеп, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны анықталды.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ авиациялық отынды сату нарығында доминант бола отырып, монополияға қарсы заңнаманы бұзуға жол берген, - деп көрсетті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті.

Бәсекелестік заңнамасын бұзудың анықталған белгілері негізінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша монополияға қарсы департамент авиаотынды бөлшек саудада өткізу кезінде нарық субъектілерімен мәні бірдей келісімдерге әртүрлі бағаларды қолдану жөніндегі іс-қимылды тоқтату талабымен хабарлама шығарды.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ хабарламаны назарға алып, департаменттің заңды талаптарын орындаған.

Ведомство нарық субъектісінің баға жағдайының ауытқуына қатысты іс-әрекеттері түпкілікті тұтынушы үшін бағаның өсуіне, оның ішінде әуе тасымалдарының бағасына әсер ететінін атап көрсетті.