Түрікменстандағы 46 қандас Павлодар облысына көшіп келді

Автор: Azattyq Rýhy

Түрікменстаннан биыл 427 қандас келеді деп күтілуде

Қандастар облыстағы қала, аудандардың бірін таңдап қоныстанатын болады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Өңірге 11 отбасының құрамында 46 адам келді. «Достық» үйінде өткен жиында әр аудан, қалалардың жұмыспен қамту орталықтарының басшылары келіп, қандастарға бос жұмыс орындары, қандай жағдай жасалатыны туралы таныстырды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Отандастар қоры» Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Зауыт жыл басынан бері Ресей, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен 216 адам көшіп келгенін атап өтті.

«Биыл Павлодар облысына шет елдерден келетін қандастарға 800 адамға квота бөлінген. Ал Түрікменстаннан биыл 427 қандас келеді деп күтілуде. Соның бір бөлігі міне келіп отыр. Бұл отбасылар Түрікменстаннан Қазақстанға визаны Павлодар облысына бару үшін алған. Сондықтан қазір тек осы облысқа қоныстанып, кем дегенде бес жыл тұруы тиіс. Олай болмаса, шара қолданылады. Оның бәрін ескертіп айттық, - деді Болат Зауыт.

Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова қандастарға квота бойынша қандай көмек көрсетілетінін айтты.

«Қоныс аударған отбасылардың әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде ақшалай көмек беріледі. Бұл 200 мың теңгеден асады. Сондай-ақ қоныстанған жерлеріне қарай 1 жыл бойы ай сайын баспана жалдауға субсидия алады. Егер қалалық жерде орналасса, 61 мыңнан 91 мың теңгеге дейін, ауылдық жерде 45 мыңнан 64 мың теңгеге дейін алады. Нақты сома отбасындағы адам санына байланысты. Сондай-ақ 1 жылдық соманы бір жолда алып, сол баспананы сатып алуға жұмсауға болады», - деді Альмира Дисюпова.

Қоныс аударғандардың бірі Мақсат Сүйесинов ауылдық жерлердің біріне барып, мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлауда.

«Түрікменстанның Балқанабат өлкесінен келдік. Отбасымызда төрт адамбыз. Ұлым мен қызым бар. Қызым 8-сыныпта оқиды. Өз мамандығым – электрик. Жұбайым үй шаруасында. Мұнда Май ауданы мен Аққулы ауданының біріне барсам деп отырмын. Мал шаруашылығымен айналысуға ниет бар. Ол жақта да мал ұстағанмын. Ата-анам осы Қазақстанда. Павлодар облысы жақсы екен. Қазақстан кең байтақ жер ғой. Қай жері болса да маған ыңғайлы, - деді Мақсат Сүйесинов.