Қант саласын дамытудың кешенді жоспарына 495 млрд теңге жұмсалмақ

Автор: Әсел Оршыбекова

Қант импорты 58 %-тен 17%-ке дейін төмендейді

Фото: ашық дереккөзден

Республика бойынша қантты тұтыну жылына 532 мың тоннаны, оның ішінде отандық шикізат, яғни қант қызылшасы есебінен қамтамасыз ету деңгейі 7%-ды, отандық зауыттардың құрақ қантын өңдеу есебінен – 35%-ды, қант импорты есебінен -58%-ды құрайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек Үкімет отырысында айтты.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, бүгінде елімізде бір емес төрт бірдей қант зауыты бар, қант қызылшасына арналған суармалы жер де жеткілікті. Десе де мәселе әлі күнге дейін тиімді шешімін таппай келеді. Әбілхайыр Тамабек мұны бірнеше фактормен байланыстырды.

«Технологиялық жабдықтардың тозуына, зауыттардың несиелерінің көптігіне және айналым қаражатының тапшылығына, көрші елдер қолданатын баға демпингіне байланысты отандық зауыттардың жүктеме қуаттылығының төмендігі сақталуда», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, Әбілхайыр Тамабек негізгі экспорттаушы елдердің қант экспортына қабылдаған шектеу шаралары ішкі нарықта дүрбелең тудырғанын тағы қайталады. Оның айтуынша, қолданыстағы қант зауыттары мен оларды кеңейту жөніндегі жоспарларға байланысты, қант өндірісін ұлғайтуға бағытталған 2026 жылға дейінгі саланың индикаторлары айқындалды.

«250 мың тонна көлемінде қант өндіру үшін қант қызылшасының қажетті алқабы, сондай-ақ егіс алқаптарын кеңейту жөніндегі жоспарланған іс-шаралар облыстардың әкімдіктерімен келісілді», - деп нақтылады ол.

Бүгінде Үкімет 4 негізгі бөлімнен және 33 іс-шарадан тұратын Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірледі.

«Кешенді жоспар қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, тұқым шаруашылығын дамытуды, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Бұдан бөлек 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қызылша қантын өндіру кезінде ҚҚС-ны 70%-ға дейін төмендету бойынша салық жеңілдіктері көзделіп отыр.

«Сонымен қатар, қантқа бағалардың ең төменгі деңгейін (БТД) енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігін жетілдіру, оның ішінде, қант қызылшасын қайта өңдеуге тапсыру кезінде субсидиялау нормативтерін және тұқымдар мен будандар бағасының өсуін ескере отырып тұқым шаруашылығын субсидиялау нормативтерін ұлғайту мәселелері пысықталады», - деді Әбілхайыр Тамабек.

Тұтастай алғанда, шикізат базасын дамытуға арналған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 495 млрд теңгені құрайды.  

Оның ішінде 168 млрд теңге материалдық-техникалық құндылықтарды субсидиялаудың қажетті көлеміне бағытталмақ.  

Кешенді жоспарды іске асыру алдағы 5 жылда отандық шикізаттан өндірілетін қант көлемін 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Министрліктің болжамынша, 2026 жылға қарай 2021 жылмен салыстырғанда импорт үлесі 58%-дан 17%-ға дейін төмендейді, отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қамтамасыз ету 7% - дан 43% - ға дейін ұлғаяды.