Қызылорда облысында экстремистік бағыттағы материалдарды сақтаған тұрғын ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталды

Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысында экстремистік бағыттағы материалдарды сақтаған деструктивті діни ағымды ұстанатын тұрғын ұсталды. Бұл  туралы облыстық ПД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде экстремистік бағыттағы материалдарды сақтаған Қазалы ауданының деструктивті діни ағымын ұстанатын 30 жастағы тұрғыны қолға түсті. Одан тұрғылықты мекенжайы бойынша экстремистік бағыттағы кітаптар мен жазбалар тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталды. Онда әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру жағдайы көрсетілген.